Қазір ол Астанада «Самұрық-Қазына» - Фармация» компаниясында қызмет істеп,елдің дамуына ат салысып жүр. А. Нұртаев Алматы қаласында 1981 жылы дүниеге келген. 1997 жылы Алматы қаласының №120 мектебінен түлеп ұшқаннан кейін, Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің фармацевтикалық факультетіне түседі. 2003 жылы оқу ордасын тәмамдағаннан соң, өз мамандығы бойынша фармацевтикалық компанияда бірнеше жыл қатарынан жұмыс жасайды. Жарты жыл көлемінде Арнұр қатардағы менеджерден бөлім бастығы қызметіне дейін көтеріледі. Шетелде білім алуға ынта танытып, 2005 жылы ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасына құжаттарын тапсырады. Жолы болып, Ұлыбританияның Брэдфорд қаласындағы медициналық университеттің дәрі-дәрмек өндірісі мен сапасын бақылау, фармацевтикалық кәсіпті басқару мамандығының магистранты атанады. Қазір Арнұр «Самұрық-Қазына» Фармация» компаниясының Маркетинг және дамыту жөніндегі директоры.
- Арнұр, таңдауың неге Ұлыбританияға түсті? Мұның жекелеген себептері бар ма?
- Ұлыбритания - білім беру жүйесі аса жоғары, ағарту ісі ерте замандардан бері қалыптасып келген әлемдегі дамыған елдердің бірі. Олардың фармацевтика саласында мамандар даярлайтын университеттері халықаралық рейтингіде алдыңғы қатарларларды алады. Соның ішінде оқытушылық-профессорлық құрамы мықты және білімі аса сапалы оқу орындарының бірі - Брэдфорд университеті де осы Ұлыбритания жерінде. Екінші бір себеп, мен меңгерген шетел тілі ағылшын тілі болды. Сондықтан алдымен ағылшын тілі тараған елдерге назар аудардым.
- Бастапқыда Ұлыбританияға аттанар алдында қорқыныш, жүрексіну болған шығар? Қанша дегенмен бөтен мемлекет... Елден, жұртыңнан жырақта білім алуға кетіп бара жаттың ғой...
-Мен білім алған орта мектеп шетел тілдеріне бейімделген мектеп болды. 1994 жылы сол мектепте байқау өтті. Соған қатысып, жеңімпаз атанған болатынмын. Маған жазғы 3 ай демалысында АҚШ-қа тіл білімін тәжірибеде қолданып, терең меңгеруге мүмкіндік берілді. Үш ай бойы мен америкалық отбасында тұрып, тек қана ағылшынша сөйлеп, тілді әбден жетілдірдім. Бұл сапарым мені көп нәрсеге қанықтырды. Ең алдымен еңбектенуге, ұстамды болуға үйретті. Сондықтан сол уақытта «Ұлыбританияда мені не күтіп тұр екен» деген қорқыныш алқымымнан алған емес.
Тілдік қиындықтар кездесетін шығар деп қорықтым. Шетелге фармацевтика мамандығын тереңдетуге бара жатқандықтан, соған сәйкес меңгерген тілдің деңгейі үдеден шыға алады ма дегенді ойладым. Себебі мен бірнеше жыл отандық компанияда істедім. Сөздерді, атауларды ұмытып қалуым да ғажап емес қой. Оның үстіне Брэдфорд қаласының тұрғындарында өзіне тән тілі, олардың өзіне тән «слэнгтары» болды, менталитеті де басқалардан өзгерек. Бұл менің күмәнімді одан әрі күшейтті. Бірақ бірінші сабақтан кейін-ақ маған бәрі түсінікті болатынын, тіл жағынан ешқандай кедергілер болмайтынын түсіндім.
-Брэдфорд ойлағаныңдай жер болып шықты ма?
-Мені ол жақтағы сапалы білім ғана қызықтырды. Басты мақсатым да тамаша білімді алып шығу болатын және ол білімді маған Ұлыбритания елі бере алды деп санаймын. Мен оқыған Брэдфорд қаласы барған сәтте өзім күткендей емес, инфрақұлымы нашарлау, жатақханаларының сыртқы әлпеті сын көтермейтін деңгейде болып шықты. Қазақстан қалаларының, университеттерінің сыртқы пошымы асып түспесе, кем түспейтіндей еді. Бірақ ең басты жетістігі - сапалы білім беруінде. Сонысымен әлемге танымал, халықаралық беделі жоғары оқу орындарының бірегейіне айналған. Маған дәріс берген ұстаздар фармацевтикада, мемлекеттік және жеке секторда қызмет істеген білімді, өте тәжірибелі тұлғалар болды. Олардың берген тәлімдері менің қызметіме, өмірлік бағытыма қажетті сарқылмас қазына болып қалары сөзсіз.
-Ұлыбритания мен Қазақстанның білім беру жүйесінде айырмашылықтар бар ма?
-Жер мен көктей. Айырмашылық барлық білім беру сатыларында бар деуге болады. Оқыту тәсілінен бастап, жүйесінің өзіне дейін өзгешелік бар. Мәселен, ұстаздардың студенттерді оқытудағы әдістемесін алайық. Тіпті екі бөлек дүние. Мен мұнда оқытушылардың біліктілігінің деңгейін емес, педагогикалық көзқарастарын айтып отырмын. Оқытушы жақсы презентатор болуы керек. Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында студенттерге түсінікті болуы үшін, тақырыпты жіліктеп шағып, дұрыс ұсына алатын оқытушы ғана жұмыс істейді.
Екінші жайт Ұлыбританиядағы білім беретін оқу орындары бизнеске бағытталған, яғни процеске емес, нәтижеге мән береді. Олардың мақсаты - бизнестен қаражат, пайда табу. Сондықтан да олар бәсекеге қабілетті болу үшін соған сай «тауар» ұсынуға ынталы. Еуропада бизнеске бағытталған бұндай жоғары оқу орындары өте көп. Мысалы, менің университетімде студенттердің 80 пайызға жуығы басқа елден келіп оқуға түскен азаматтар болды.
Брэдфордта теорияның майын ішкен және сонымен қатар практикалық білімі айтарлықтай жоғары оқытушылар сабақ береді. Теориялық білімді оқыта отырып, оны тәжірибесінен алынған шынайы, өмірлік жайттармен ұштастырып отырады. Өтетін сабақтары санаға өте қонымды. Студенттерге берілетін тапсырмалар да әр алуан. Мысалы, студентке белгілі бір оқиға ұсынады. Оқушы берілген оқиғаға сай іс-қимыл жоспарын жасақтайды. Осы оқиғада ол қандай шешімдер қабылдайтыны оқытушының сараптауына түседі.
Міне, осы іспеттес тапсырмалар түсінігіңді кеңейтуге, алған біліміңді тиімді бағалауға мүмкіндік береді. Біздің елдегі оқу орындарындағыдай оқып, жаттап, айтып беру мүлдем жоқ.
- Шетелде алған білімді Қазақстанда тәжірибеге енгізе алдың ба?
-Иә, менің білімім бүгінгі қызметіме аса қажет болды. Ұлыбританияда алған білім-білігім Қазақстанда іске асты. Мен Брэдфорд университетінде оқып, тәлім алып жүргенімде «Қазақстан республикасының дәрілік қамтамасыз ету жүйесі» тақырыбында көптеген ғылыми еңбектер жазып, осы тақырыпта көп ізденген болатынмын. Елге оралғаннан кейін, «Самұрық-Қазына» Қорына қызметке орналастым. Осы қызметте мен Қазақстанның дәрімен қамтамасыз ету саласындағы жаңа жүйесін жасақтау жобасымен айналыса бастадым. Осы іске өз үлесімді қосуға бар білгенімді салдым. Биылдан бастап «Самұрық-Қазына» Фармация» компаниясы құрылды. Бұл құрылым Қазақстанның дәрімен қамтамасыз ету қызметімен айналысады. Компания құрылған мезеттен бастап посткеңестік мемлекеттер арасында теңдесі жоқ жүйені енгізуге кірісті. Біз бүкіл елдің сұранысын орталықтандырдық. Бұл біздіңше дәрі-дәрмек бағасын төмендетіп, барлық өңірлердегі баға саясатын теңдестірмек. Бұрын мысалға оңтүстік аймақтарда Үкіметтің емханалар үшін сатып алатын дәрі-дәрмегі 5 теңгеден болса, солтүстік емханалар үшін дәрі-дәрмектер 105 теңгеден сатып алынса, ендігі уақытта бұлай болмайды. Осы бағытта біз барлық жұмыс пен тиісті шараларды жасап жатырмыз. Демек, Ұлыбританияда алған білімімді ел қамына жұмсап жатырмын деп нық сеніммен айта аламын.
- Енді әңгіме өзегін «Болашақ» студентінің күйбең тіршілігіне бұрсақ. «Студент әрдайым аш» деген сөз бар халық арасында. Сіздің шәкіртақыңыз өз басыңызға жетіп отырды ма? Мүмкін сізде шәкіртақыны тиімді жұмсаудың «рецептісі» бар шығар?
-«Болашақ» стипендиатының шәкіртақысы 1500 АҚШ доллары көлемінде. Бұл ақша оқушының баспанасына, тамағына, кітаптарына артығымен жетеді. Мысалы, Ұлыбританияда орташа өмір сүрудің деңгейі деген бар. Біздің шәкіртақы бұдан жоғары болды. Қыдыруға жаны құмар студент ақшаны ойын-клубтарға жіберсе жетпей қалуы да ғажап емес. Бірақ «Болашақ» студенті үшін басты мақсат - білім алу, оқу. Ал бұған шәкіртақының көлемі жетеді. Ара-тұра киноға, дәмханаларға баруға да уақыт тауып жаттық. Қысылып-қымтырылып, таршылық көрмей оқыдық. Мысалы, біздің университетте оқыған Сауд Арабиясы студенттерінің шәкіртақысы біздің оқушылардың шәкіртақысына қарағанда, әлдеқайда аз болды.
- Ұлыбританиядан Қазақстанға оралғанда қандай сезімде болдың? Қайтадан Ұлыбританияға тартқан жоқ па?
-Бір жылдың ішінде бөтен елге бауыр басып үлгерген жоқпын. Отаныма ата-анама асықтым. Ұлыбританияның Қазақстаннан еш артықтығы жоқ. Бардым, оқыдым, кері қайтып келдім...
- Әңгімеңізге рахмет!