Ұлыбританияның хоккей құрамасы Универсиадада 10 жылдың ішінде алғаш рет жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның хоккейден ерлер құрамасы Универсиадада 10 жылдың ішінде алғаш рет жеңіске жетті. Корея спортшыларымен кездескен Ұлыбритания құрамасы қарсыластарын - 1:3 (0:1, 0:1, 1:1) есебімен ұтты. с

Ұлыбритания үшін бұл тарихи жеңіс болды. Тұманды Альбион елінің хоккейшілері Универсиада да 10 жыл жеңіске жетіп көрмеген.

Алғашқы шайбаны британдықтар 6-шы минутта соқты. Артық ойыншылармен Лиам Чарнок көзге түсті. Бұл оның  турнирдегі екінші голы.

Екінші кезеңде корейліктер үсті-үстіне шабуыл жасап, қақпаға 11 рет соққы жасады. Бірақ, британ қақпашысы өзінің бабында екенін дәлелдеді. Ұлыбритания құрамасының тәлімгері Джеймс Мэтью Брэдбари өз қақпашысын бүгінгі матчтың үздік ойыншысы деп атады.

Ұлыбритания екінші кезеңнің аяғына дейін үш-ақ соққы жасай білді. Соның біреуі қарсылас команданың қақпасынан табылды. Томас Дэниэль Роуз бірге бір шыққан сәтті мүлт жібермеді.

Үшінші кезеңнің басында Корея атлеттерінде есепті теңестіруге көп мүмкіндіктері болды. Олар қарсыластар қақпасына 15 соққы жасады. Бірақ Ұлыбритания қақпашысы оңай шағылар жаңғақ еместігін аңғартты.  

Ойын соңына қарай Кореяның жаттықтырушылар штабы алтыншы ойыншыны алаңға шығарды. Бірақ бұдан еш нәтиже болмады. Сайыстың аяқталуына 9 секунд қалғанда Иван Антонов үшінші шайбаны қақпаға дәл бағыттап, есепті 3:1-ге жеткізді

«Біз 10 жылдың ішінде алғаш рет жеңіп отырмыз. Жұмыла ойын көрсеткен жігіттеріммен  мақтанамын. Әрбір ойыншы бүгін жеңіске жететіндеріне және өздеріне сенді. Біз нағыз британдық рухты көрсеттік деп ойлаймын», - деді Ұлыбритания құрамасының бапкері Джеймс Мэтью Брэдбари.

Осылайша Ұлыбритания құрамасы 6 ақпан күні АҚШ спортшыларымен 9-шы орынға таласатын болады. Ал, Корея 11-ші саты үшін Қытаймен ойнайды.

ФОТО: almaty2017.com