-Абзал Ерсайынұлы, полиция қатарына қалай келдің, бала кезден армандадың ба?
-Иә, балалық шақтан бастап армандадым деуге болады. Бірақ біздің шаңырақта ешкім полиция қызметкері болған жоқ. Әкем қой бақты. 2006 жылы Атамекен ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін тәртіп сақшысы болуға бекіндім.
ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясын 2010 жылы тәмамдағаннан кейін елге оралдым. 2016 жылға дейін учаскелік полиция инспекторы қызметін атқардым, қазір
жедел кезекшімін.
-Карантиндік стационарда болған екенсің, онда қызмет бабымен бе, әлде жатқызды ма?
-Аурухананы күзеттім. Сонымен қатар ковид індеті біздің әріптестеріміздің арасында да анықталғаннан кейін 16 күн жатып шықтым. Екі рет сынама алды, теріс нәтиже көрсетті.
Әрине, індетпен күресу елге оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенмен әріптестерім емделіп шығып, қайта қатарға қосылды.
-Аты жаман індетті жұқтырмау үшін не қажет деп ойлайсың?
-Ол үшін ең бастысы, сақтық керек. Маска, қолғап киіп, антисептик қолдану қажет. Халық көп жиналатын жерлерге бармаған жөн, әлеуметтік арақашықтықты ұмытуға болмайды. Мұны жұрттың бәрі біледі деп ойлаймын, тек бәрі бірдей сақтай бермейді.
-Полиция қызметкері болу оңай ма, күнбе-күн халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайсыңдар, қиындық та аз емес шығар?
-Өмір болған соң, қиындық кездеспей тұрмайды. Өкінішке қарай, мәселенің мән-жайына бармай, ұялы телефонға жазып алып, әлеуметтік желіге жүктейтіндер көбейіп кетті.
Түсіністікпен жұмыс істегенге не жетсін, біздің көздегеніміз де – тыныштық, халықтың қамы, барлық іс-әрекетіміз қоғамдағы тәртіпті сақтауға байланысты болғандықтан, міндетімізді бұлжытпай орындауға тырысамыз.
Алдағы арман-мақсатымыз да – адал қызмет етіп, өмір белестерінен абыроймен өту.
-Өз отбасың жөнінде айта кетсең, кіші ұлың төтенше жағдай кезінде көрінген екен?
-Иә, ол кезде мен жұмыста болдым. Кезекшілікке түсіп жүрдік, қызметкерлер де жетіспей жатты.
Жарым Сәуле халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етеді, қазір декреттік демалыста. Үлкен ұлым Есімжан сегізде, қызым Сәбина бесте. Ал дүниеге келгеніне екі ай
толған ұлымның атын қазақтың батыры болсын деп Сардар
қойдым. Болашақтан, ұрпағымыздан үлкен үміт күтетін
халықпыз ғой, бәрі де жақсы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!