«Ұлытау қымызы» шетелдіктер арасында танымалдыққа ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Ұлытау ауданында«Ұлытау қымызы» этнофестивалі өтті. Ұлт ұясы Ұлытау Қазақстанның рухани ордасы болып есептеледі. Шетелдік қонақтар осы тарихи жермен ұлттық дәстүрді көру үшін бірнеше мың шақырымдарды артқа тастап, арнайы келді, деп жазады karaganda-region.gov.kz сайты.

 

 

Ауқымды форумды «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ұйымдастырған. Аудандық әкімдікпен «Ұлы Тағызым» қоғамдық қоры да мұрындық болды. Этнофестиваль Ұлытау ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Кененбай көлінің жағалауында өтті. 

Мәдени форум Елордамызда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арнап ұйымдастырылды. «Терісаққан көктемі» деп бастау алған «Ұлытау қымызы» этнофестивалі шетелдіктер арасында танымал. Тіптен ЮНЕСКО мен БҒМЖИҰ (Білім, ғылым және мәдениет жөнінде Ислам ұйымы) тәрізді халықаралық ұйымдардың қызығушылығын тудырған. 
«Терісаққан көктемі» шарасында жасалынатын жөн жоралғылар ҚР ЮНЕСКО ісі жөнінде Ұлттық комитеттінің жанындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау Ұлттық комитетінің назарын аудартқан. Терісаққан өңірінде «Қымызмұрындық» (бие байлау) дәстүрі әлі де сақталған. Бұл дүниежүзілік ұлттық құндылық тізіміне де енгізілуі де мүмкін. Аталған салт дәстүрді халықаралық мамандарда үйреніп жатқан көрнеді. Тіпті биыл Терісаққан жеріне ЮНЕСКО-дан зерттеушілер тобы 4 мәрте келіп кеткен. 
«Ұлытау қымызы» этнофестивалі орталығында бие сауылып, ұлттық сусын-қымыз дайындаудың қазаққа ғана тән аксиологиялық үлгісі көрсетілді. Меймандарға қазақи салт дәстүрмен ұлттық ойындар ұсынылды. Олар көшпелі қазақ елінің ұлттық сусынынан ауыз тиді. Қымыздың дәмін татқан Литвалық турсит Дайрюс Нармонтас, - «Айранның ашылау түрі сияқты болып көрінді. Әсіресе, ыстық күні шөлді басуға жақсы», -деп атап өтті. 
Ұлытаулықтар адамға күш қуат беретін ұлттық сусынның бұрыңғы құрамын қайта жаңғыртуды көздейді. 
«Қымыз - бұл қасиетті сусын. Оның сапасымен дәміне көп нәрсе байланысты. Сусынды бабында дайындау үшін алдымен адамның еңбегі мен табандылығы керек. Күнделікті тобылғымен ыстап, тіпті ана қымыздың астына жылқының сүр бірдеңесін, жақсы бір қасиетті тағамдары болады ғой қазы сияқты соны салып жібереді. Сосын піседі. Пісуі көп, ыстаулы қымыз жақсы болады»,- дейді Ұлытау кентінің тұрғыны Кенжегүл Бимағанбетова.

Этнофестивалде тұрғындар арасында «Бие қымыз» байқауы өтті. Бұл ұлттық ойында көбінесе еразаматтар қатысады. Кім көп қымыз ішсе сол жеңімпаз атанады. 
«Мешкейлер сайысы», «жамбы ату» сынды ұлттық ойындар да жұртшылық назарына ұсынылды. Тіптен әйелдер боз кілемге шығып күресті. Шаршы топ арасынан ауылдың 6 келіншегі суырылып шығып, өзара белдесіп, арасында үздігін анықтады. 
«Ұлытау қымызы» этнофестивалінің негізгі жоралғылары: 
«Бие байлау», немесе «айғыр қосу» - қазақ халқының тұрмыстық дәстүрінің ішіндегі салтанатты салты. Ел жайлауға шыққан кезде сауынды биелерді бөле бастайды. Алдымен желі тарту үшін қазық қағылады. Құлындары желіге байланған соң, биебаудың шайын дайындайды. Желінің басына шай жасалып, жиналған жұрт құрт, ірімшік тәрізді тағамымен келеді. Мұны «шашу шай» дейді. 
«Қымыз мұрындық» - бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі. Бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң, дастархан жайылып қымызға ауыл ақсақалдары мен көршілер шақырылады. 

Ұлттық ойындар:
«Бие қымыз» -еразаматтар арасында өтетін байқау. Яғни кім көп қымыз ішсе - сол жеңімпаз. 
«Мешкей» - ұлттық тағамдарды жеу жарысы. Яғни байқайға қатысушыларға жылқы мен қойдың үлкен кесек-кесек еттері беріледі. 
«Қатынкүрес», әйелдер арасындағы белдесу. Келіншектер кимешектерін белдеріне орап алып, бір-бірімен еркетер тәрізді күреседі. Бұл жарысқа тұрмысқа шықпаған қыздар қатыстырылмайды.