Ұлытау облысының ең күрделі және жылдам шешімді қажет ететін мәселелерінің бірі – жолдар. Жаңадан құрылған өңірдің аумағы кең, облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы – 2 711 шақырым. Оның ішінде республикалық жол – 961 шақырым, облыстық – 896, аудандық – 310, сондай-ақ қалаішілік көше жолдары – 544 шақырым.
Өңір тұрғындарын толғандыратын басты екі жол – «Жезқазған - Қызылорда» және «Жезқазған - Қарағанды» республикалық маңызы бар трассалар.
«Жезқазған – Қызылорда» жолының 208 шақырымы Ұлытау облысына тиесілі. Оған былтырғы жылы Азия Даму банкінен 90 млрд теңге көлемінде ақша бөлінген. Тиісті конкурс өткізіліп, Қытай елінің құрылыс компаниясы ұтқан болатын. Алайда, жол құрылысына қажетті материалдардың құны күрт өсіп кеткендіктен, фирма келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан. Сондықтан, бұл ірі жоба қайтадан түзетуге жіберіліп, барлық өзгерістер ескерілген соң, құны 40 млрд теңгеге дейін өсіп, 130 млрд теңгеге жетті.
«Бастапы жобаға сай бұл 208 шақырым жол 4 учаскеге бөлініп, әр мердігерге 52 шақырымнан берілуі тиіс еді. Алайда, «Азия даму банкінің» талабы басқаша болғандықтан, конкурсқа қазақстандық мердігерлер түсе алмайтын болды. Сондықтан, қазақстандық мердігерлер байқауға қатысу мүмкіндігін алу үшін 4 учаске тағы бөлініп, 8 учаске болды. Әр учаскеге 21-22 шақырымнан келеді. Банктің талабына сай, конкурс екі кезеңмен өтеді. Ол талаптардың бірі – мердігер компанияның жылдық айналымы бірнеше млрд теңге болуы тиіс. Бізде ондай айналымы бар фирмалар болмағандықтан, конкурсқа қытайлар, түріктер және арабтар қатысуы мүмкін. Бірақ, жуырда Комитет төрағасы келгенде айтып өткендей, биыл конкурстық рәсімдерді аяқтап, мердігерлерін анықтасақ, соның өзі жақсы», - деп атап өтті Ұлытау облысы Жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Жомарт Бегаев.
Оның айтуынша, қыркүйек айына дейін нақты мердігерлер анықталар болса, дайындық жұмыстары басталады. Бұл – мердігерлер алдын ала жерлерін анықтап, қиыршық тастарын тасиды, техникаларын қояды, асфальттік зауыттарын орната бастайды деген сөз.
«Жұмыс биыл басталмайды. Нақты жұмыс, егер барлық конкурстық рәсімдер қалыпты өтсе, тек көктемде басталады. Онда да күн райына байланысты сәуір-мамыр айларында басталады. Оның өзі тек конкурс қорытындысы уақытында шығып, еш кедергі болмаса ғана. Бұл келесі жылы байқау процедураларына уақыт кетіріп алмай, бірден жөндеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді», - дейді Жомарт Бегаев.
Ал, екінші ірі жоба – «Қарағанды – Жезқазған» жолын жөндеу. Бұл тасжолды қалыпқа келтіру керектігі туралы Президенттің өзі тапсырма берген. Оның Ұлытау облысына қарасты бөлігі – 355 шақырым. Оның биыл 40 шақырымына жобалық сметасы сараптамадан өтіп, «ҚазАвтоЖол» АҚ байқау жариялаған.
«Бұл жолды салғанда ескі жол ортасында қала береді, ал оның екі жағынан бір жолақты, бір бағытты жолдар салынады. Ол жолдың 28 шақырымы Ұлытау облысының аумағында жасалса, қалған 12 шақырымы Қарағанды облысының аумағында жасалады. Жоспар бойынша биыл басталуы тиіс», - дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Ұлытаудан Арқалыққа дейін баратын республикалық маңызы бар 200 шақырым жолдың биыл 20 шақырымында ресайклинг әдісі бойынша жөндеу басталды. Ол орташа жөндеуге жатады. Келесі жылға тағы 60 шақырымын жөндеуге қаражат сұрастырылған.
Сонымен қатар, Ұлытау өңірінде 896 шақырым болатын облыстық маңызға ие жолдар бар. Биыл бұл жолдарға орташа жөндеу жасауға республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 397 млн теңге қаражат бөлінген.
Ал, Жезқазған қаласында көше жолдарын асфальттауға 3 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа 12 көшенің және аулалардың жолдары жөнделеді. Оның ішінде ең көлемді жұмыстар Абай, Гагарин, Байқоңыр көшелерінде өтеді. Бірақ, бұл жоба бойынша біраз қиындық туындаған. Конкурс өткен соң мердігерлер өзара шағым жазып, тексерістер мен сот процестері жүргізілгендіктен, жөндеу жұмыстарының басталуы кейінге шегеріліп қалған. Осы маусымда жол жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.
Туристік бағыттар бойынша тоқталар болсақ, Жошы хан кесенесіне Малшыбай елді мекенінен баратын жолдың ұзындығы – 19,4 шақырым. Сонымен қатар, бұл жолда ұзындығы 166 метр көпір қарастырылған. Көпір жарық бағаналарымен және қажетті барлық өткелдерімен салынады. Сондай-ақ, жолаушылардың демалуына арналған орындар қарастырылады.
«Жолдың сапасын кім тексереді?» деген сұраққа басқарма басшысы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» айналысатынын айтты. Жолдардың сапасын тексеріп беріп отыруы үшін бұл орталықпен осы жылға 50 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.
«Олар әрбір жол учаскелерінен керн алады. Бірақ, бір қиындығы – жергілікті жерде зертханалар жоқ. Сондықтан, сараптамаға Қарағандыға жібереді. Жуырда орталық басшылығы келіп, келесі жылы Жезқазғанда зертхана ашу мәселесіне тоқталды. Қажетті зертхана ашуға олар бізден ғимарат сұрады. Келесі жылы Ұлттық орталықтың жергілікті филиалына әкімшілік ғимарат саламыз деп келістік. Сол ғимараттың жертөлесінде арнайы зертхана жабдықталатын болады», - деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Тағы бір күрмеулі мәселе – қиыршықтас зауытының қажеттілігі. Қазіргі таңда облыстағы Шайтантас елді мекенінде ғана бар. Ол жерден қиыршықтасты тасымалдаймыз деп, жол жөндеушілер қазіргі бар жолдың сапасын төмендетіп алу қаупін байқап отыр.
Жалпы, жол құрылысында қолданылатын материалдардың басым бөлігі – отандық өнім. Битум Павлодардан, Шымкенттен, Батыс Қазақстаннан жеткізіледі. Бұл ретте айта кететін жайт, жол жөндеушілер дәл құрылыс қызған кезде битум тапшылығына тап болатындықтарын айтады.
Аталған мәселелердің басым бөлігі Үкімет деңгейінде көтеріліп жатыр. Сондықтан, күрмеулі мәселелердің шешімі табылады деген үміт те жоқ емес.