Ұлытаудағы «Таңбалы тас» - қазақ тарихының тым тереңнен басталатынын растайтын «төлқұжат»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иранда парсы жұртының бұдан екі жарым мың жыл бұрынғы дәуірінен сыр тартатын алып жартасқа шекіп тұрып жа­зылған Бекхистун жазуы бар. Мемлекеттің және ЮНЕСКО-ның қорғауында. Жыл сайын осы жерге ондаған мың турист ке­леді.

Бұл мекен парсы халқы үшін киелі. Неге? Ол жартаста: «Мен теңіздің арғы жағындағы сақтар еліне бардым, бұл ел шошақ бөрік киеді. Содан кейін теңізге жақын жердегі кеме көпірін қалпына келтірдім. Сол көпірден мен екінші елге жеттім. Сөйтіп, сақтарды ойсырата тал­қандадым, олардың біразын тұтқынға ал­дым, енді біразын байлап-матап маған алып келді, ал олардың ең үлкен көсемі Скунһаны тұтқындап, менің құзырыма бас игіздім. Өзімнің көңіліме жаққан екінші біреуді ел билігіне тағайындадым. Бұдан кейін бүкіл ел маған бағынды», деп жа­зылған.

Бұл б.д.д 518-517 жылы тасқа ше­кілген еді. Алып жартастың бетіндегі осы жазу екі жарым мың жылдан кейін ғы­лым­ға белгілі болып, Дарийдің жорығы туралы зерттеулерге кең жол ашты. Сақ даласына аттанып бара жатқан Дарий Вавилоннан Хамаданға апаратын керуен жолының ше­тін­дегі қос өркешті Бехистун құз жартасы­на үш тілде өз жорығы жөнінде бәдіздетеді. Әйгілі «Бехистун жазуы» осылайша дү­ниеге келген. (Тұрсын Жұртбай. «Дулыға») Біз мұны не үшін келтіріп отырмыз, оның өзіндік себебі бар.

Қазақ үшін де дәл осы Бекхистундай киелі жартас бар. Бұл жөнінде қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан былай деп жазған: «Қазақ саха­расындағы мәдениеттің бір жарқын түрі - тарихи дәуірлерде осы араны қоныстанып келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері. Қазақстанның байтақ өлкесінде төрт түрлі жазудың үлгісі сақ­тал­ған. Ескі ғұн, үйсіндер пайдаланған руна жазуы, Орхон дәуіріндегі руна жа­зуы, шығыс Түркістанда ұйғырлар пайдаланған арамен жазуы (Жұбан ана, Батағай) араб жазулары (Айша Бибі, Бабаша хатын, Бол­ған ана, Көк кесене, т.б.). Бұл - тасқа не мав­­золейдің қабырғасына жазып қалдыр­ған тарихи сөздер қазақ мәдениетінің орта ға­сырдағы бір үлкен белгісі, «қазақта жазу болмаған, шикі, тағы ел» деп айтушы­лар­дың сөзін теріске шығаратын ашық бел­гі­лер.

Осындай тасқа жазылған қазақ сөз­дерін біріктіріп, жеке кітап етіп шығарса, қа­зақ­ты білмейтіндер өзінен-өзі таңғалып жү­рер еді. Бұл саяси, мәдени тіршілікті айқын түрде суреттейтін араб қарпімен тасқа жазылған сөздер Бетпақдала саха­ра­сында ХІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейінгі дәуірдің таңбалары кездесіп отырады.

Мұн­дағы қалың жазудың тұрған жерін қазақтар ерте заманнан бері қарай «Таң­балы тас», «Таңбалы жар» деп атайды. Ол Бетпақдаланың ортасын қия кесіп, ұзын­нан созылған шың-жартас. Сарысу өзені­нен 20 шақырымдай жоғарырақ.

Ескі дәуірден келе жатқан «Таңбалы тас» жа­зуы ға­сыр­лар бойында Қазақстан өлкесін қоныс­танған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған таңбалары, ел басқа­­рушылар­дың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа қиып түсірген, әдемі өрнектер, «қош­­қар мүйіз», «түйе табан», «кісінің ізі», «аттың ізі», т.б.

Мұндай көп таңбалар қа­зақ өр­не­гінің үлгілерімен нақышталған. Бұл тасқа әрқашан бас иіп, адамдар таң­басын түсі­ріп, аттарын жазып жүрген. «Таңбалы тас­тың» зор атқа ие болуының себебі - бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қо­сылған жер дейді. Сондықтан бұл тасты көп ғалымдар «тарихтың зор куәлігі» деп атаған». Иә, Әлкей Марғұлан осылай дейді. Ол жар­таста «қыпшық, найман, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын, илахи қар рәсигә һамиша хайа рахмет қыл сен алтауын» деп жазылған. Былайша айтқанда, « О, Ием, үмітіңе жету үшін осы алтауына рахметіңді бере гөр!» деген жазу. 1895 ж. Л.Кузнецов пен Х.Бекхожин тас бетіндегі 500-ге тарта таңбалардың кө­шірмесін жасаған. Жалпы, 1895 жылы ақмолалық әскери дәрігер Л.Куз­нецовты Бетпақдаладағы Таңбалы тасқа ертіп келген Атбасар уезінің тілмашы Хасен Бекхожин деген кісі екен. Ал осы тасты алғаш зерттеген - Ресей ғалымы А.Шренк.

Қазақтың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаев «Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері - осы «Таңбалы тас» өңірі» десе, тарихшы, академик Манаш Қозыбаев «Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдері қол қойған «Таңбалы тас» - шын мәніндегі, қазақтың тұңғыш Конституциясы» депті. Осыдан-ақ «Таңбалы тастың» исі қазақ үшін орны алабөтен екенін көруге болады. Қазір осы «Таңбалы тас» қандай күйде?

Осы мекен жайында жазылған мақала, зерттеулерге қарағанда, жағдай оңып тұрмаған секілді. Әлкей Марғұлан өз жазбасында «кейінге дейін жартастағы сурет-таңба-жазулар жақсы сақталған» деп еді. Бірақ кейіннен осы Бетпақдаладан уран іздегендер жар­тастарды сындырып керегіне жаратқан, жер қопарған жарылыстардан тақта тастар құлап, шашылып қалған секілді. Қазақтың тасқа қашалған көне тарихы осындай со­рақы тірлікке тап болған.

Ал иран халқы ондай бассыздыққа жол бермеген. Соның арқасында Бекхистун жартасы сақталды. Жартастағы жазу арқылы екі жарым мың жылғы Дарийдің жеңімпаз жорығы белгілі болды. Тек Дарийдың қанды жорығы ғана емес, жартасқа шекілген жазудан сол за­ман­да да парсы жұрты кемелденген, мей­манасы тасқан ел болғанын, өзіндік жазуы болғандығының куәсіміз. Ал біз одан кем­бе едік?! Бабаларымыз, арысы сақ-ғұн, берісі түркілерде де өзіндік жазу болды. Оған Орхон-Енисей-Талас ескерткіштері куә, деп жазады "Айқын" газеті.

Бүгінде белгілі болғандай, Түркі жазуы бір-бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптен тұрған. Атақты «Күлтегін», «Білге қаған» сияқты тасқа жазылған дас­тандарды еске алсақ та жетеді. Ғалымдар көрсеткеніндей, тасқа қашалып жазылған жазулар, таңбалар Алтай, Тарбағатай, Ұлытау, Қаратау, Маңғыстау өңірінде өте көп. Бірақ соларды біз жеріне жеткізе зерт­­теп, ел игілігіне жарата алып отыр­-мыз ба? Қайдам? Тіпті 1972 жылы Іле бойынан табылған бір жарым метрлік үлкен жайпақ тастың бетіне мұқият қашалған жүз­ден аса руна таңбалары болған көрінеді. Сол та­рихи тас Ғылым Академиясының аула­сына орналас­ты­рылып, біраз күн тұр­ған соң үшті-күйлі жо­ғалып кетіпті... Міне, біз­дің ата-бабалар заманынан хабар бе­ретін жәдігерге деген көзқарасымыз...

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрмен беруінің арқасында тұңғыш рет қазақ хандығының 550 жыл­дығын той­лағалы жатырмыз. Осы орайда ғалымда­ры­мыз қазақтың көне тарихынан мағлұмат беретін мекендерге экспедиция жасаса, соның бірі «Таңбалы тасқа» барса, сол жерде қираған, сынған, бірақ бетінде таң­балар белгіленген тастарды жиыстырса, зерттесе бұл да бір тойға үлкен тарту, сү­белі іс болар еді. Өйткені «Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері - осы «Таңбалы тас» өңірі» деп тарихшы-ғалымдарымыз бекер айтпаса керек-ті. Ұлы жіңгір тойдың беташары осы жерде жасалғаны жөн-ау.