БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Мира Қауымбаеваның Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бұл дегеніміз – генетикалық түрлендірілген организмдерді (ГМО) немесе зиянды химиялық заттарды қосу емес, керісінше темір, фолий қышқылы, В1 және В2 дәрумендері, сондай-ақ ниацин сияқты маңызды микроэлементтерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған қауіпсіз мөлшерде енгізу.
Мира Нұрланқызының сөзіне қарағанда, ұн тарту процесі кезінде дән құрамындағы дәрумендер мен минералдардың едәуір бөлігі жоғалады. Зерттеулерге сәйкес, ұнтақталғаннан кейін бастапқы дәрумендердің небәрі 20-30 пайызы ғана сақталады. Сондықтан фортификациялау арқылы жоғалған қоректік заттардың орны толтырылып, олардың тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беріледі.
- Қазақстан тұрғындарының күнделікті ас мәзірінде нан, шелпек, бауырсақ және макарон өнімдері маңызды орын алады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміздің орташа тұрғыны жылына 120-130 килограммға дейін нан өнімдерін тұтынады. Осыған байланысты ұнды байыту халықтың басым бөлігін, яғни шамамен 95 пайызын қажетті дәрумендер мен минералдармен қамтамасыз етудің тиімді жолы болып саналады. Бұл әдіс жүкті әйелдер мен балаларға жеке-жеке темір препараттарын тағайындағаннан гөрі экономикалық тұрғыдан тиімді әрі қолжетімді, - дейді М.Қауымбаева.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 021/2011 техникалық регламентіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Аталған талаптарға сәйкес ұн өндіруші кәсіпорындар жоғары және бірінші сұрыпты нан пісіруге арналған бидай ұнын дәрумендер мен минералдармен міндетті түрде байытуы тиіс.
Қосылатын дәрумендер мен минералдардың мөлшері күнделікті тұтыну кезінде қауіпсіз деңгейден аспайтындай етіп есептелген.
Бүгінде ұнды фортификациялау әлемнің 87 елінде қолданылады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Бразилия, Ресей және Өзбекстан бар. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында ұнды міндетті түрде байыту енгізілгеннен кейін 10 жыл ішінде әйелдер арасындағы темір тапшылығы анемиясының көрсеткіші 34 пайызға төмендеген. Ал ұн құрамындағы фолий қышқылы жаңа туған нәрестелердегі жүйке түтігі ақауларының пайда болу қаупін 50-70 пайызға дейін азайтуға ықпал етеді.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстандағы репродуктивті жастағы әйелдер арасында фолий қышқылы тапшылығының деңгейі 60 пайызға дейін жетеді. Мұның ана мен бала денсаулығына қауіп төндіруі әбден ықтимал.
Тұтынушылар ұн сатып алу кезінде қаптамадағы ақпаратқа назар аударуы қажет. Егер өнімде «Байытылған», «Дәруменделген» немесе «Фортификацияланған» деген таңбалар болса, онда бұл ұнға қосымша дәрумендер мен минералдар енгізілгенін білдіреді. Ал мұндай белгі болмаған жағдайда өнім қарапайым ұн болып есептеледі.
- Фортификациялау – барлық мәселені толық шешетін әмбебап құрал болмаса да, дәрумендер мен минералдардың жасырын тапшылығының алдын алудың ең тиімді әрі қолжетімді әдістерінің бірі. Сондықтан нан және ұн өнімдерін сатып алғанда олардың құрамына назар аударып, байытылған өнімдерді таңдаған жөн. Ұн өндіру және оны өткізу саласындағы талаптардың сақталуын аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары қадағалайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, белгіленген талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл шаралары қарастырылған. Ең бастысы, ұнды фортификациялау халық денсаулығын сақтаудағы маңызды әрі тиімді қадамдардың бірі екендігін естен шығармаған жөн, - деп түйіндеді маман сөзін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын маманның субұрқақ суына шомылудың қауіпті екендігі туралы айтқанын жазған едік.