Үндістанның мәдени байланыс жөніндегі кеңесінің мұрындық болуымен Нью-Дели қаласында өткен фестивальге Малазия, Түркия, Ресей және Қазақстан өкілдері қатысты. Фестиваль Нью-Делидегі Пурана-Кила қамалының ашық алаңында өтті. Аталған қамал Пандав патшаларының көне астанасы жерінде орналасқан екен. Осы маңнан таяқ тастам жерде әйгілі Үнді қақпасы бар көрінеді. Фестивальдің гала-концертінде еліміздің атынан қатысқан халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты ақмолалық «Гәкку» би ансамблі «Шашу», «Жыл құсы», «Сыйлық», «Арулар» тәрізді ұлттық билерді орындады.
Сонымен қатар, жерлестеріміз Джайпур қаласындағы жергілікті университет сахнасында гастрольдік концертін жалғастырып, үндістерге қазақ халқының би мәдениетінің кереметтігі мен әсемдігін терең жеткізе білді.