Урологиялық ауруға шалдыққан науқастар саны жыл өткен сайын көбейіп барады – уролог

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе медицина орталығы урология бөлімінің меңгеруші Қуаныш Сүлейменовтің осы салада еңбек етіп жүргеніне 30 жылға жуық уақыт өтті. Дәрігер соңғы кездері науқас саны артқанын, жыл сайын мың адамға ота жасалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Қуаныш Сүлейменовтің жеке мұрағаты.

Қуаныш Сүлейменов медицина саласын Ақтөбеде меңгерді. Интернатурада оқып жүрген кезінде урология саласын жөн көрген. Оның айтуынша, 4-курста оқып жүрген кезде ғылыми жоба қорғап, медицина ғылымдарының докторы, профессор Есенғос Мәмбеталиннен дәріс алды. Ал қолына диплом алған соң урология саласын таңдады.

«Алдымен бұрынғы облыстық клиникалық аурухана, қазіргі жедел жәрдем ауруханасында уролог дәрігер қызметін атқара бастадым. Кейін 1997 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Шалқар қаласына кеттім. Сол жерде 2 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Кейін Ақтөбеге қайта оралып, оқытушы қызметіне кірістім. М. Оспанов атындағы БҚМУ урология бөлімінде оқытушы болдым. Ал 2007 жылы клиникалық орталық ашылды. Сол мекемеде екі жыл басшылық қызметте болып, қайта урология бөліміне ауыстым. 2021 жылдан бастап Ақтөбе медицина орталығындағы урология бөлімінің меңгерушісімін. Сонымен бірге урология кафедрасында резиденттерге дәріс беремін»,- дейді Қуаныш Сүлейменов.


Ақтөбе медицина орталығындағы урология бөлімінде 23 кереует бар. Мұнда жылына мыңнан астам адам ем қабылдап, мыңнан астам адамға ота жасалады.

«Өңірдегі емдеу орындарында заманауи технологиямен ота жасалады. Бізге көршілес облыстардан да науқастар келеді. Жаңа технологиялардың арқасында біз орталықтарға жолдама беруді де сиреттік. Көбіне өзіміз ем-шара қолданамыз. Мұнда несіп жолындағы тасты алу, қатерлі емес ісікті алу секілді оталар жүргізіледі. Өкініштісі адамдар өз денсаулығына салғырт қарайды. Шынына келгенде ер адамдар көбіне өз дертіне мән бермейді. Кеш келіп жатады. Сондықтан емханаға барып, қаралса, бізге жолдамамен келсе дейміз. Сонымен бірге ем алып шыққандар күтінбейді. Арада 5-6 жыл өткенде қайта асқынып, қайта дәрігер көмегіне жүгініп жатады»,- деді дәрігер.


Айта кетейік, биыл 4 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында халықтың өмір сүру ұзақтығы артып, денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері жақсарды. Облыс тұрғындарына көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық қызметтердің көлемі кеңейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023-2025 жылдары Хромтау, Мұғалжар, Шалқар аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар ашу жоспарланған. Ядролық медицина орталығын ашуға қатысты ауқымды жобаны іске асыру басталды. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде жалпы халық саны 20 мың адам болатын 29 ауылда заманауи денсаулық сақтау нысандары салынады. Науқасты қашықтықтан диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік беретін «Фельдшер сөмкесі» жобасын іске асыру жалғасады. Бұл жоба ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырады.