ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Тасқала аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері өз ауылдастарының мүлкін ұрлап келген, бұрын сотталған 31 жасар тұрғынды құрықтады.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 тамызға қараған түні ол 24 жасар сыбайласымен бірге тұрған автокөліктің қосалқы дөңгелегін қымқырып, 10 литр бензинін қотарып алған. 29 жасар ауыл тұрғынының ауласынан дизельді отын құйылған 50 литрлік ыдыс та қолды болған. Полиция сонымен қатар оның өткен жылғы қараша айында ауыл тұрғыны әйелдің асүйінен азық-түлік, ал зейнеткердің велосипедін қымқырып кеткенін анықтады.
28 қыркүйек күні жедел іздестіру шаралары барысында ұрыға тиесілі «Ауди-80» автокөлігінің салонынан сараптама қорытындысына сәйкес 4,02 грамм героин табылған. Қазіргі кезде ол уақытша оқшаулау изоляторында қамауда отыр. Сонымен бірге оның Атамекен ауылында тұратын 19 жасар тағы бір сыбайласы бар екендігі белгілі болды. Сыбайластар ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).