Үшінші жаңғыру - Төртінші индустрияландырудан қалып қоймаудың мүмкіндігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы Қазақстанның бұлжымас саяси дәстүріне айналды. Осы орайда ел халқы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдау еліміздің жаңа даму дәуірін айқындап беретін негізгі бағдарламалық құжат екенін жақсы түсініп отыр. Онда белгіленген бес басымдықтың әрбірінің міндеті экономиканың өсімі мен жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Бұл тұрғыдағы негізгі мақсат халықтың әл-ауқатын жақсарту мен өмір сүру деңгейін көтеруді ескерген.

Атап айтқанда, осы уақытқа дейін екі жаңғыру кезеңі өтті. Жалпы, бұрынғы жолдауларда қабылданған міндеттемелердің арқасында бүгінде мыңдаған мектептер мен балабақшалар, жүздеген ауруханалар мен емханалар, ондаған мың шақырымға созылған жаңа жолдар, жүздеген мың шаршы метр тұрғын үйлер, сондай-ақ жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары түрінде нақты іс-қимылдар жүзеге асырылды.

«Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер - әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой», - деп атап өтті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолауында.

Мемлекет басшысы табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақталғанын, біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіс екенімізді қадап айтты.

Негізі, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жаһандық бәсекеге қабілеттілік тұрғысында алдағы жаңғыртулардың қисынды жалғасы әрі перспективалық дамуы. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің өсуі мен әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қарқынды ену үшін болашаққа бастайтын сенімді көпір.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауына байланысты бұрынғы депутат, ҚР Білім және ғылым экс-вице-министрі Мұрат Әбеновтің пікірін білу мақсатында тиісті сауалдарымызды қойған болатынбыз. Осы орайда сарапшының айтқандарын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. Сарапшы өз сөзінде Қазақстан өткерген жаңғыру кезеңдерін еске алып, ойларымен бөлісті.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін 90-шы жылдардың басындағы бірінші жаңғыру «бірінші кезекте саясат, сосын экономика» қағидасы бойынша жүрді. Негізінен, ескі жүйенің экономикалық байланысынан алшақтау бізді үрейлендірген жоқ, барлық күштер мемлекеттің жаңа саяси негізін құруға жұмылдырылды. Экономика жеке қолдарға беріліп, даму үрдісі ретсіздеу болды. Ең бастысы - өміршеңдікті сақтап, мемлекет ретінде қалыптасу. Соғыссыз, ешбір өзара тартыссыз аяғымызға нық тұрдық», - деп түсіндірді Әбенов.

Ал екінші жаңғыруда «экономика, содан соң саясат» атты қағидамен экономиканы дамыту арқылы алға жылжу болды. Бұл тұрғыда басты рөлді мемлекет атқарды. Әрине, мемлекет үздік менеджер емес екені түсінікті, алайда ресурстардың шоғырлануының арқасында базалық саланы сақтап қалуға мүмкін болды. Экономика бәрінен бұрын әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыс орындарын құруға, азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мойын бұруға тиіс еді. Тексеруден өтпеген жаңа технологияларға қаржы салуға болмайтыны анық. Шын мәнінде индустрияландыру бағдарламасы «қуып жетуге» немесе өзгелерден «қалып қоймауға» бағытталды.

«Сонымен қатар Үшінші жаңғыру жаңаша жарияланып, осы ретте «реформалар бір мезгілде экономикада және саясатта қатар жүруі тиіс»,-деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде нарық қажеттілігіне қарай өзгеру қабілетінсіз ешбір мемлекет өзінің көшбасшылығына сенімді бола алмайды. Әлемнің дамыған елдерінде  «Индустрия 4.0» атауымен танымал Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.

«Индустрия 4.0 - бұл Интернетке қосылған білдектер мен адамдардың шығармашылық әлеуетінің интеграциясы. Бұл ретте машиналар желісі автоматты өндірісте жоғары сапалы тауарларды шығара отырып, әрбір тұтынушының қажеттілігіне қарай өнімнің сұрыптамасы мен сипатын жекелей өзгертуге қауқарлы болады. Тек осындай жүйелер ғана болашақта жоғары тиімділікті және бәсекеге қабілеттілікті көрсете алады»,-деді сарапшы.

Түпкілікті өзгерістер адами еңбекті айқындаудан бастап қамтиды деп күтілуде. Себебі машиналар жоғары тиімділікпен өндірістегі қайталанбалы мақсаттарды адамдарсыз да орындай алатыны анық, бұл қызметтер автоматтандырылады. Ал босаған кадрлар қайта даярлықтан өтіп, жоғары біліктілікті көрсетуі тиіс. Өйткені, ақылды қуатты басқару Интернет арқылы іске асырылады. Егер де қандай да бір ауданда маман табылмай жатса, оны қашықтан жалдау қиындық тудырмайды.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жаңғырудан өтпеген елдер үшін тәуекелдерді тудыратынын түсіну керек. Үшінші жаңғыру - ол біздің Төртінші Индустрияландырудан қалып қоймауымыздың мүмкіндігі. Осы орайда ахуалды еңсере алатын, сандық технологияларды меңгерген, адами капиталды құру үшін жағдай жасауға қауқарлы мемлекеттік және қоғамдық институттардың, әділ бизнестің тығыз интеграциясы қажет»,-дейді Әбенов.

Оның пайымынша, өсім моделін өзгертіп, азаматтар мен бизнес үшін инклюзивті жағдай жасайтын институттар құру қажет.

Сонымен, бізді қандай сын-қатер күтіп отыр және Үшінші жаңғыруда қандай шаралар қарастырылған:

1. Өндіріс үдерістерін автоматтандыру еңбек ресурстарының босауына алып келеді. Жұмыс күші мол өңірлерден жұмысшылардың мобильдігі үдерісіне қолдау жасауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар шетелге жаппай адами капиталдың ағылуына жол бермей, жоғары білікті мамандар үшін еліміздің тартымдылығына қолдау жасау керек. Мамандарды шығармашылық дағдылары мен инновациялық қызметін қалыптастыруға екпін қоя отырып, оларды қайта оқытумен айналысу қажет. Осы ретте жаңа құнды бағдарларды беріп, бәсекеге қабілеттілік болатындай адамдар өздерінің мүмкіндіктерін жете түсінуі маңызды.

2. Шикізатқа сұраныстың қысқаруы өндіруші салалар кірісінің төмендеуіне алып келеді. Осы орайда жаппай түрде кәсіпкерлікті дамыту қажет. Жоғары еңбек өнімділігімен ғылыми қамтымды өндірістер ғана бәсекелес бола алады. Инновациялық жетік ойлайтын, батыстық стандарттарды білетін, ағылшын тілін меңгерген кадрлар керек. Бизнес-жобаларда мемлекет өзінің орнын жеке капиталға беруі тиіс. Мемлекет әкімшілік кедергілерді жоюмен айналысып, жаңа технологияларды енгізу бойынша тәуекелдерді өзіне алуы маңызды. Бұдан бөлек, шетел нарықтарында біздің тауарлар мен қызметтерді алға жылжытуға, жаңа инвестицияларды тартуға қайта бағдарлану қажет.

3.Бірыңғай стандарттармен басқару мен өндірістің барлық үдерістерін автоматтандыру назарда болғаны жөн. Мемлекет пен бизнес серіктестік қатынастарымен бірыңғай интеграцияланған жүйе болып табылады. Бизнес қоғамдастық пен «Атамекен» ҰКП жауапкершілігі арта түсуде, яғни, маңызды құжаттар мен бағдарламаларды әзірлеу Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тікелей тапсырылды. Бизнес өзінің пісіп жетілгенін және тек жеке мүддесімен ғана шектелмейтінін көрсетуі қажет.

4. Қоғам жаңғырудағы өзінің рөлін түсінуі қажет және қоғамдық пікірдің ықпалын тиімдірек пайдалануы тиіс. Мемлекет қызметтердің бір бөлігін қоғамдық, жеке институттарға беруде, алайда азаматтар осы өкілеттіктерді пайдалануға дайын ба? Ең маңызды бағыттарда өзіміздің әлеуетімізді біріктіре аламыз ба? Сондықтан да бұл мәселе ерекше маңыздылыққа ие және оны іске асыруға уақытымыз көп емес.

«Адамдар мен қоғам сана-сезімінің трансформациясынсыз Үшінші жаңғыруды жүргізу қиынға түседі. Президенттің Жолдауы барлық осы реформаларды қамтыды. Олар бізге қажет. Бастамаларды жүзеге асыру жоспарлары біртұтас болғаны маңызды. Шын мәнінде Үшінші жаңғыру - ол негізгі институттардың жаңғыруын ескеріп отыр. Сондықтан да Қоғам талқылау мен іске асыру шараларынан тыс қалмауы керек»,-деп түйіндеді сөзін Әбенов.