Тіл саясаты өзге тілдерді де оқытуды көздейді
Сөз басында Қазақстандағы тіл саясатының «Тіл туралы» заңға негізделетінін атап өткен жөн. Ал аталған саясатты іске асырудың нақты шаралары Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген. «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында оған оқытудың үш тілді жүйесін дамыту міндеті енгізілген болатын. Соған қарамастан, қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі көтеріліп келеді.
«Мәселен, өткен жылы қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесі 82,3 процентті құрады. Үш тілді меңгерген халықтың үлесі де ұлғайып келеді. Ересек азаматтар мен 12-17 жас аралығындағы оқушыларды қоса алғанда, қазақ, орыс пен ағылшын тілін меңгергендердің саны 25,5 процентті құрады», - деді Мұхамедиұлы Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде қазақ тілін сан алуан сайттар арқылы үйрету шараларынан бөлек өзге ұлт өкілдерінің туған тілін оқып-үйренулеріне де мемлекет тарапынан қолдау жасалады. Соның нәтижесінде ұлттық-мәдени бірлестіктерде қазақ және ана тілдері курстарына қатысатын азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 72,7 процентті құрады.
Тіл орталықтарын жекешелендіруге жол берілмеді
Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бүгінде республика бойынша 100-ге жуық мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. Соның барлығы жергілікті жердегі тіл басқармалары жанынан құрылған. Алайда осыдан екі жыл бұрын Үкіметтің арнайы қауылысынан кейін ондаған орталық жекешелендіру тізіміне ілігіп кеткен. Соның нәтижесінде Қарағанды және Алматы облыстарында орналасқан тіл үйрету ұйымдары жеке кәсіпкерлердің қолына ауысты. Ал мемлекеттік бағдарламаның негізгі көрсеткіштері осы тіл орталықтарының мәліметтері негізінде жасалатындықтан, бертін келе, оларды жаппай жекешелендіру шаралары толығымен тоқтатылды. Оған қазіргі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ұйытқы болған екен.
«Елімізде біртұтас тіл саясатын іске асырып отырған тіл басқармалары мен олардың жанынан құрылған тілдерді оқыту орталықтарын бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Қазақстан азаматтарына мемлекеттік тілді оқыту мен насихаттаудың ғана емес, орыс пен ағылшын тілдерін үйрету мен үйлестіру жұмыстары да осы орталықтар арқылы жүргізіледі», - дейді министр Мұхамедиұлы.
Дегенмен, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары саласында маңызды бір мәселе бар. Республика бойынша жүздеген тіл оқыту орталықтарының жұмыс істеп жатқанына қарамастан, әлі күнге дейін қазақ тілін үйретудің бірыңғай жүйесі әзірленбеген.
Қазақ тіліндегі құжат айналымы 90 проценттен асты
Бүгінде Қазтест жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау шаралары жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, өткен жылы аталған тестілеуге қатысқандардың жалпы саны 73 мыңнан асты. Олардың жартысынан көбі - мемлекеттік қызметшілер. Бұдан бөлек, соңғы екі жылдың ішінде сан алуан оқу құралдары, салалық сөздіктер, танымдық-публицистикалық еңбектер, балаларға арналған кітаптар, тіпті әлемдік әдебиет классиктерінің шығармалары қазақ тілінде жарық көрді.
Ал орталық және жергілікті органдарда мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 91 процентке жетті. «Дегенмен, статистикалық есеп және қаржы құжаттарының мемлекеттік тілге көшпеу фактілері бар. Негізінен, ондай үрдіс ұлттық компанияларда орын алып отыр. Ал мемлекттік органдарда 89-93 процентті құрап отыр. Ол - өте жақсы көрсеткіш», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы тіл саясатына да жақсы баға беріліп отыр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тіліндегі контенттің көлемі 73 процентті құрайды.
Әнұранды «Гимн» деп атаймыз
Терминология саласында да біраз жұмыстар атқарылды. Соңғы екі жылда Қазақстанда 8 мыңнан астам термин бекітілді. Мәселен, ауызекі тілде қолданылған «шаптырма» пен «субұрқақ» xалықаралық «фонтан» сөзі болып, қайта өзгертілді. Бұдан бөлек, «күйсандық» - «фортепиано», «пианино», «оташы» - «xирург», «мұражай» - «музей», «қисын» - «логика», «сазгер» - «композитор», «ғаламтор» - «интернет» болып бекітілді.
«Сонымен қатар терминкомда бекітіліп, жарыспалы түрде қолданылып жүрген бірқатар термин қайтып қаралып реттелді. Мысалы, «мұрағат» - «арxив», «мәселе» - «проблема», «үдеріс» - «процесс» болып қайта бекітілді. Ағымдағы жылы терминкомда бірқатар xалықаралық терминдерді қайта қарау жоспарланып отыр. «Мысалы, «пайыз» - «процент» сөзіне, «әнұран - «гимн», «иегері» сөзі - «лауреат» терминдері ретінде бекітуді ұсынып отырмыз. Неге десеңіздер, енді «лауреат международного конкурса» дейміз. Қазақ тіліде «xалықаралық конкурстың иегері» болады. Иегері ол «собственник» қой. Сол үшін xалықаралық қолданыстағы «лауреат» сөзін қайтадан орнына келтіру ұсынылып отыр», - дейді министр Мұхамедиұлы. Алдағы уақытта терминдерді стандарттау мәселесі пысықталады.
Жалпы, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қазіргі тиімділігі жаман емес. Оны ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те растап отыр. «Соңғы үш жылда мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 16,7 млрд. теңге бөлінген болатын. Соның 14,9 млрд. теңгесі игерілді», - дейді Сүлейменов мырза.
P.S. Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейін мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдарда жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің қазақ тілі тестін тапсыратыны жайында хабар тарады. Ертеңнен бастап осы саладағы бұқаралық ақпарат өкілдері де сынақтан өтетін болады.