Қыс қаһарына мініп, ауа температурасы 40 градусқа дейін жететін күндер алыс емес. Осыған орай СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары көшеде үсіп қалмауға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салды.
«Негізінен егде жастағы және жас балалар тез үсік алады. Өйткені, олардың терісі нәзік. Жасына байланысты балалар қатты тоңғанын түсінбейді және бұл туралы ересектерге айта алмайды. Сонымен бірге иммунитеті әлсіреген және аурудан кейінгі адамдар да үсік алуға бейім келеді. Үсіктен зардап шегетіндердің қатарында мас адамдар көп. Олар бетін, аяқ-қолдарын жиі үсікке шалдырады, себебі спирттік ішімдік ішуден сыртқы факторларға кешіктірілген реакциясы болады», - дейді мамандар.
Үсік шалған кезде тері шаншып, қан ұиды, аяқ-қолды қимылдату қиындайды. Көбінесе зақымдалған жер қызара бастайды.
Үйге оралғанда, санитариялық дәрігерлер судың температурасын біртіндеп көтеру арқылы үсік шалған қол немесе табанды жылы суға салуға кеңес береді, бірақ бірден ыстық суға салуға болмайды.
Егер қол астында су және жылы бөлмеге кіру мүмкіндігі болмаса, онда тоңған қолды қолтыққа тығып жылытуға болады.
«Егер тері қатайып, күлдіреуік пайда болып ағара бастаса, мұндай жағдайларда дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Дененің тоңған жерін қармен уқалауға болмайды. Бұл үсіген жерді одан сайын әлсіретеді.
Үсік шалған қолды ашық отта немесе электр құралдарының көмегімен жылытудың қажеті жоқ. Өйткені, үсік шалған кезде терінің сезімталдығы нашарлайды және жылынудың орнына күйік алу қаупі бар.
Егер адамның дене температурасы төмендей бастаса, ұйқы басса, тілі күрмелсе, суықтан дірілдей бастаса онда оны тез арада жылы бөлмеге жеткізіп, киіммен жылыту керек. Бірақ мұндай жағдайда ванна қабылдауға, сондай-ақ адамды алкогольмен есін жидыртуға болмайды», - дейді санитар дәрігерлер.
Мамандар сонымен қатар үсікке жеткізбеу үшін қыста жылы киіну керектігін еске салады. Қыста көбінесе полиэстер материалдан жасалған киімдерді киген дұрыс. Жүннен тоқылған киім жылуды сақтауға көмектеседі.