Ұстартудың басы - қысқарту

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ескі мен жаңа арасындағы тартыс тоқтап көрген бе, сірә! Басқасын жиып қойып, әдебиетке қатысты айтсақ, жаңа формалар мен тың бағыттардың өмірге келіп отыруы - өмірлік өзгермес заңдылық екені баяғыда-ақ дәлелденген.

Ет пен сүйектен ғана емес, сезім мен ойдан жаралған адамзат тіршілігі көшін шөгермей оның бойындағы рухани сұраныс та тыным таппақ емес. «Сананы тұрмыс билейді» десек те, басына қандай зобалаң тумасын адам атты мәңгілік жаратылыс рухын қанағаттандырарлық өнер атаулыдан қол үзіп көрмеген. Демек, адам барда, оның санасындағы сәуле барда - өнер бар. Мәселе - соның қай кезеңде қандай шекпен киіп, өңірін қалай қымтайтындығында.

Құдайдың бұйырғаны адам қолымен жасалады. Адам қоғамды қалыптастырады. Өткен мен бүгінді салыстырып, өзгерген, жаңарған құндылықтар мен ескірген, күні біткен салт-сана, көзқарастарды електен өткізу аса қиын емес. Әдеби шығармалардың мән-мазмұнындағы басым күштің қайда түсетіні мен ойды жеткізу формасының түрленіп отыруы да қоғамның дегеніне бағынышты.

Бүгінгі екі адамның бірінің аузы ашыла бергеннен тілге іліне кетер жаңашылдық хақында аз-аз. Бірінші кезекте, шағын, қысқа, жеңіл оқылар, жеңіл сіңер болса... Күрделі оралымдардан арылса... Санаға күш, жүйкеге жүк түсірмес, уақытқа шығын, тірлікке залал тигізбес болса... Анадай болса, мынадай болса... Бүгінгі көркем әдебиетке қойылар талаптың кепиеті осы аймақты төңіректеп жүргелі де көп болды. Бұл алдымен көлемді дүниелердің тамырына балта шапты. Шапқының күшті болғанын ә дегеннен-ақ қатары селдіреп шыға келген романдарға қара да таны.

Шағын көлемнің алдымен қырына алғаны басы артық (егер солай деуге келсе) пейзаждар, монологтар, тағы-тағылар. Бұрынғы «қиғаш қас, алма мойын, шие ерін» деп басталатын ұзын-сонар теңеулер «өте сұлу» деген бір ауыз сөзге орын босатты. Баяғы батырлар аруақ шақыра атқа қонып, алты күн аттан түспей аттандап, бес қаруын қапысыз сілтеп, жаудың қанын судай ағызып, тас-талқан етіп жеңіп қайтатын. Ал, қазір бұл да «барды, көрді, жеңді» дегеннің төңірегінде там-тұм сипатталады. Көне көз әдебиеттегі күн жез табақтай жалқынданып, төбе-құйқаңды өртей, тас төбеңде жанып тұрып алатын. Пысынап отырып оқитынсың. Бүгінгі әдебиет әңгімені төтесінен «күн ашық» деп қайыратын болды. Не ұттық? Неден ұтылдық?

Иә, ой бар. Сезім де... былай... бар. Шағын ғана әңгіменің соңына жеткенде қайран қалып, қысқа ғана көлемге соншама ойды сыйдырып жібергеніне таңданып отырып қалатының да болады. Ешқандай суреттеусіз-ақ әсерге бөленуге болатынын мойындай түсесің. Сөздің тереңдігіне, тіркестің күрделілігіне бас қатырмайсың. Рахат! Нүктесі жарты беттен асып барып бір-ақ қойылар құрмалас сөйлемдердің аяғына жеткенде басын ұмытып, соны қиыстыра білген шеберлікке таңданып, қайта үңіліп отыратын байырғы оқырман бүгіндері қысқа-нұсқа сөйлемдерге көптеп иек артқанды ұнатады. Дейді енді... Демек, сіздің (жазушының) шеберлігіңіз сөйлем құрау немесе пейзаж жасау тұрғысынан емес қысқарту жағынан бағаланады. Болған оқиғаны ауыз екі тілмен айтып берсең де, - егер оқиға шынында айтуға тұрарлық болса, - тыңдаушыны «ойпыр-ай» дегізбей қоймайды ғой? Рас! Мықты болсаң сондай оқиға ойлап тап. Бір-бірімен байланысатындай етіп екінші, үшінші фондағы параллельді сюжеттерді жамап жіберсеңіз болғаны. Бұл классикалық әдебиетке де тән нәрсе ғой деуге асықпаңыз. Сіздің міндетіңіз болғанды болғандай етіп, ешқандай әсірелеусіз, реалды түрде баяндап шығу. Сосын, ескерте кететін тағы бір нәрсе - көпірме сөздер мен бүгінгі қоғамға жат көне тіркестерді тықпаламаңыз. Одан да жалаң болса да анегдот тектес жалаң бір «болыпты-мыс» артық.

Үлкен көлемнен қашу - шығарманың түйініне жеткенше асығуға әкеп соқты. Бір ғана оқиғаны ешқандай қоспасыз желдіртіп қана өте шығатын әдеби-көркем туындылар пайда болды. Бұл, әсірісе соңғы күндер еншісіне тиесілі.

Адамзат қаптаған қалың томдықтарды оқып отыратын заманнан баяғыда озған. Міне, осы бір түсініктен келіп, әдеби шығармаларды басқа өнер түрлері арқылы жеткізу өріс алды. Бұл бүгін ғана емес, кино өнері өмірге келгелі оның бір саласы ретінде қалыптасқан жайт. Десе де, екеуінің (шығарма мен киноның) арасындағы айырмашылықты тап басып танып, артық-кемін ажырата білушілер некен-саяқ бұл күні. Әйгілі шығармамен екі сағаттың айналасында танысып шыға келеміз де, «бәрін біле қоямыз».

Алмас НҮСІП