ОРАЛ. ҚазАқпарат - Үй құрылысы комбинаттары өңірдегі апатты жағдайдағы үйлерді жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы 16 желтоқсан күні «Болашақ-Т» ЖШС-ға (басшысы Қайдар Қощанов) тиесілі үй құрылысы комбинатының ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, аталмыш үй құрылысы комбинаты жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғыза алады. Алдағы жылдан бастап мемлекеттік жеке әріптестік негізінде осындай екі комбинат жұмыс жасамақ. Сонда облыстағы апатты үйлер мәселесін шешу мүмкіндігі туады. Күні бүгін өңірде мұндай үйлер саны 37 болса, соның 33-і Орал қаласында. Апатты үйлер жерлерін кәсіпкерлерге беру жөнінде келісілген. Олар бұл жерде жаңа көп қабатты үйлер салады, мұндағы пәтерлердің бір бөлігі сол апатты үйлер тұрғындарына беріледі. Бұл үйлердің басым көпшілігі қала орталығында болғандықтан, жаңадан салынатын ғимараттардың бірінші қабаты бизнес нысандарын орналастыруға ыңғайлы болмақ. Оған қоса үй құрылысы комбинаты «Қолжетімді баспана - 2020» және басқа бағдарламаларды орындауға қатысады.
Айта кетейік, «Болашақ-Т» ЖШС жүзеге асырған жоба құны - 2,5 млрд. теңге. Мұнда 62 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңа өндірістегі орташа жалақы 100 мың теңгені құрамақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).