Үй vs кеңсе: Елімізде қашықтан жұмыс істеу қаншалықты дамыған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды ілгерілетуде айтарлықтай жетістікке жетті. Қазір халықтың 99 пайызы интернетпен қамтылған, 5G желісі кеңейіп, мемлекеттік қызмет цифрлық форматқа көшірілді. Алайда еңбек нарығында қашықтан жұмыс істеу деңгейі әлі төмен. Бұған не кедергі, кеңседен тыс жұмыс істеу экономикаға нендей мүмкіндік бермек? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы осы сауалға жауап іздеді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Еңбек нарығындағы парадокс

COVID-19 пандемиясы әлемдік еңбек нарығын өзгерткенін білеміз. Кеңседе жұмыс істеуді дұрыс санап келген компаниялар бірнеше аптаның ішінде миллиондаған қызметкерге үйден жұмыс істеуге рұқсат берді. Пандемия аяқталғаннан кейін де үрдіс тыйылған жоқ, керісінше үйде отырып жұмыс істеу еңбек нарығының қалыпты үлгісіне саналғаны бар. Ал аралас жұмыс форматы, яғни кеңседе және қашықтан жұмыс істеу бизнес үшін қалыпты тәжірибеге айналды.

Қазақстан да осы бағытта келе жатқандай. Мемлекет цифрландыруға белсенді инвестиция салу арқылы жоғары жылдамдықты интернетті дамытуда. Өңірлерде IT-хабтар ашылып, цифрлық экономика мемлекет саясатының басым бағыты атанды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Цифрлық инфрақұрылым іс жүзінде барлық өңірге жетіпті.

Соған қарамастан елде жұмыспен қамтылғандардың 1 пайыздан аз бөлігі ғана қашықтан жұмыс істейді екен. Көрсеткіш дамыған елдердегі деңгейден бірнеше есе төмен әрі Қазақстан айтарлықтай артта қалып отыр.

Мұнда бір қайшылық бар. Мемлекет интернет пен цифрлық сервисті дамытты, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бос жұмыс орындары жиі жарияланады. Алайда компаниялар арасында қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі кең таралмаған.

Бұл парадокстың себебі неде? Мәселе тек технологияда немесе заңнамада емес. Сарапшылардың сөзінше, қашықтан жұмыс істеу мәселесінде бірнеше шешуші фактор бар: экономика құрылымы, еңбек нарығы, корпоративтік мәдениет, тіпті статистикалық есеп жүргізу тәсілі де әсер еткен көрінеді.

Статистика мен нарықта алшақтық бар

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы шамамен 44,2 мың адам қашықтан жұмыс істеген, биыл І тоқсанында көрсеткіш 29,8 мың адамды құрады. Бір қарағанда, қашықтан жұмыс істейтіндер саны едәуір азайып келе жатқандай. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мұндай тұжырыммен келіспей отыр. Министрліктің түсіндіруінше, қашықтан жұмыс істеу статистикасын ведомствоның өзі есептемейді. Көрсеткішті Ұлттық статистика бюросы халық арасында іріктемелі зерттеу арқылы әзірлейді екен. Сондықтан статистиканың құбылуына себеп көп.

Фото: magnific.com

Біріншіден, еңбек нарығының пандемиядан кейінгі бейімделу кезеңі аяқталды. Шектеулер кезінде қызметкерлерін толықтай қашықтан жұмыс істеуге көшірген компаниялар кейін оларды кеңсеге қайтарды немесе аралас жұмыс үлгісіне көшті.

Екіншіден, статистикалық бақылаудың іріктемелі әдісі құбылмалы. Мұндай тәсілде тоқсан сайын көрсеткіштердің өзгеріп отыруы қалыпты жағдай.

Үшіншіден, статистика арқылы еңбек нарығындағы нақты жұмыс форматын анықтау қиын. Мысалы, кей маман аралас режимде жұмыс істеуі мүмкін: аптаның бірнеше күні кеңседе, қалған күндері үйде. Алайда ресми есеп берер кезде компаниялар мұндай қызметкерді қашықтан жұмыс істейтіндер санатын жатқызбайды. Бірақ іс жүзінде олар жұмыс уақытының едәуір бөлігін қашықтан атқарады.

Басты себеп – интернетте емес, экономикада

Қашықтан жұмыс істеу мәселесі қозғалса, көбі интернеттің сапасы немесе елдің цифрлану деңгейі туралы айтады. Алайда үйден жұмыс істеуге кедергі болып отырған басқа себеп бар. Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиевтің бағалауынша, олқылық экономика құрылымында.

– Жұмыспен қамтылғандардың жартысынан астамы, яғни 73,4 пайызы сауда, білім беру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, қойма, құрылыс және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Бұл салалардың бәрінде қызметкер жұмыс орнында болуы қажет. Мысалы, өндірісте, құрылыс алаңында, дүкенде, ауруханада, оқу орнында немесе көлік жүргізу кезінде қызметті қашықтан атқару мүмкін емес. Автоматтандыру мен цифрлық технологиялар дамып жатқанына қарамастан, аталған бағыттарда адамды әлі толықтай алмастыра алмаймыз. Қашықтан жұмыс істеуге экономиканың өзі объективті түрде шектеу қойып отыр, – дейді Рамазан Есенғазиев.

Қазір үйде жұмыс істеуге ең қолайлы орта білім экономикасы саналады. Оған ақпараттық технологиялар, қаржы, консалтинг, ғылыми зерттеулер, талдау, цифрлық маркетинг секілді зияткерлік кәсіптер жатады. Саладағы негізгі жұмыс құралы – компьютер мен интернет.

Қазақстанда бұл секторда барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 5,7 пайызы ғана еңбек етеді, яғни толықтай қашықтан жұмыс істеуге әлеуеті бар мамандардың саны салыстырмалы түрде аз.

Фото: Арман Бейсекеевтің жеке мұрағатынан

Сарапшы Арман Бейсекеевтің айтуынша, отандық жұмыс берушілердің көбі қызметкердің кеңседе отырғанын қалайды. Егер компаниялардағы мұндай ұстаным өзгерсе, еңбек нарығындағы жағдай басқа арнаға түсетін күн жақын.

– Қашықтан жұмыс істеу үрдісін ілгерілету үшін цифрлық инфрақұрылымды дамыту керек. Корпоративтік мәдениетті өзгерту мен кадрларды даярлау ісін де ұмытпағанымыз жақсы, – деп есептейді Арман Бейсекеев.

Неліктен бизнес кеңседегі жұмысқа үйір?

Енді тақырыптың заңнамалық негізін қарастырайық. Құқықтық негіздеменің жоқтығы үйден жұмыс істеуге кедергі келтіріп отыр деген пікірді жиі естиміз. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нормалар Еңбек кодексінің 138-бабында әлдеқашан бекітілген деп отыр. Тек мұндай жұмыс форматын қолдану туралы шешімді жұмыс беруші дербес қабылдайды. Қазақстанда қашықтан жұмыс істеуге заңнамалық кедергі жоқ, бірақ оны міндеттейтін де талап табылмады.

Осы орайда мәселе жұмыс процесін ұйымдастыруға келіп тіреледі. Толықтай кеңседен тыс жұмысқа көшу компанияның ішкі процесін өзгертетінін ұмытпайық. Оның үстіне бірлесіп жұмыс істеуге арналған цифрлық платформаларды сатып алу, қызметкерлерді басқару жүйесін өзгерту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмыс нәтижесін бағалау тәсілін қайта қарау керек болады. Жасыратыны жоқ, көптеген ұйым мұндай өзгеріске қосымша қаржы шығындауға дайын емес. Сондықтан көп компания екі тарапқа да қолайлы жолды – гибридті жұмыс моделін таңдайды: қызметкер бірнеше күн кеңседе, қалған уақытта үйден жұмыс істейді. Мамандар да ең оңтайлы шешім ретінде гибридті жұмыс моделін атап отыр.

Фото: Рамазана Есенғазиевтің жеке мұрағатынан

Рамазан Есенғазиев қашықтан жұмыс істеудің еңбек өнімділігіне әсерін біржақты бағалауға болмайтынын атап өтті.

– Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) мен АҚШ-тың Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының (NBER) зерттеулеріне сенсек, қашықтан жұмыс істеудің тиімділігі жоғары. Қызметкердің жолға кететін уақыт азаяды, жұмыс кестесі икемделе түседі, еңбек өнімділігін артады. Ескеру қажет, толықтай үйден жұмыс істеу командалық жоспарға, білім мен тәжірибе алмасуға кедергі келтіретінін жоққа шығара алмаймыз, – деп түсіндірді спикер.

Үйден жұмыс істеуге икемді сала

Жұмыс іздеуге арналған танымал онлайн-сервис hh.kz дерегіне сүйенсек, жарияланған бос жұмыс орындарының небәрі 4,5 пайызы толық қашықтан жұмыс істеуге арналған. Ең көп үлес ақпараттық технологиялар саласына тиесілі – барлық ұсыныстың төрттен бірі осы саладан түскен. Одан кейін бизнеске көрсетілетін қызметтер мен бөлшек сауда саласы бар екен.

Үйден жұмыс істеуге мүмкіндік берілген мамандарды атасақ, көш басында сату менеджерлері тұр. Мұны CRM, онлайн байланыс, сауда жүйелерінің дамуымен түсіндіруге болады. Маркетинг, дизайн, интернет-жарнама, қызмет көрсету, талдау бағытындағы мамандардың да кеңсеге келуі міндет емес.

Қолайлы жағдай неге Алматы мен Астанада?

Қазір қашықтан жұмыс істеуді ұсынатын бос жұмыс орнының 77 пайызы Алматы мен Астана қалаларында. Қалған бос орындар өңірлерге тиесілі болғанымен, облыстардың басым бөлігінде көрсеткіш өте аз. Себебі Алматы мен Астана қаласында қаржы, ақпараттық технология, консалтинг, маркетинг, корпоративтік басқару, білім экономикасына жататын орталықтар шоғырланған. Ірі компаниялардың, халықаралық ұйымдардың, банктердің, IT-компаниялар мен сервистік орталықтардың басым бөлігінің бас кеңсесі осы қос шаһарда.

Үйден жұмыс істейтін қызметкердің мекен жайы жұмыс беруші орналасқан қалада болуы міндетті ме? Міне, осы сауалға қатысты сала мамандарының пікірі әрқилы. Бірі қызметкер компания орналасқан аймақта болуы керек деп санаса, енді бірі мұны міндетті емес дейді.

Екінші тараптың уәжі тіпті бөлек. Олардың айтуынша, қашықтан жұмыс істеу өңірлердің дамуына ықпал етеді. Мысалы, шағын қалалар мен аудандардың тұрғындары жалақысы жоғары жұмыс іздеп, Алматы немесе Астанаға көшуге мәжбүр. Соның салдарынан ірі мегаполистердің инфрақұрылымына артық жүктеме түседі. Ал өңірлер адами капиталынан айырылып жатыр.

Егер қызметкер кез келген қалада отырып жұмыс істеуге рұқсат алса, жағдай өзгерер еді. Сарапшы Арман Бейсекеевтің айтуынша, кез келген қаланың тұрғыны Алматы, Астанада немесе шетелдегі компанияда жұмыс істей алса, оның тапқан табысы өзі тұратын өңірде қалады. Бұл ұзақ мерзімде оң нәтиже бермек.

Біріншіден, ішкі көші-қонды азаяды. Адамдарға лайықты жалақы алу үшін тұрғылықты жерін ауыстырудың қажеті болмайды.

Екіншіден, қашықтан жұмыс істейтін мамандардың табысы жергілікті экономикаға жұмыс істейді. Олар тапқан ақшасын дүкендерде, кафелерде, сервистік компанияларда және тұрмыстық қызмет көрсету орындарында жұмсап, шағын бизнестің дамуына ықпал етеді.

Үшіншіден, заманауи цифрлық сервистерге, білімге және инфрақұрылымға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруы мүмкін.

Арман Бейсекеев қашықтан жұмыс істеу компанияның өзіне де тиімді деп санайды. Еңбек процесін ұйымдастыру тәсілі ғана емес, сонымен бірге шығынды азайтуға мүмкіндік алады. Кеңсе жалдау, коммуналдық қызметтер, жұмыс орындарына төлем және ғимаратты пайдалану шығыны қысқарады. Сондықтан көп елде гибридті жұмыс форматы бизнес шығынын оңтайландырудың құралы ретінде қолданылып келеді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Қазақстан цифрлық еңбекті экспорттай ала ма?

Қашықтан жұмыс істеу ел ішінде кең тарады делік, келесі қадам – отандық мамандардың әлемдік еңбек нарығына шығуы. Мұны Қазақстанда тұрып, өзге елдерде жұмыс істеу деп түсінуіміз керек. Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиевтің пікірінше, Қазақстанда цифрлық еңбек пен цифрлық қызметтерді экспорттауға әлеует мол.

– Өнеркәсіп өнімдерден айырмашылығы, цифрлық қызметтердің экспорты көлік шығындарына, логистикаға, ішкі нарықтың көлеміне және басқа да географиялық факторға тәуелді емес. Мұндағы негізгі бәсеке мамандардың білімі мен сұранысқа сай цифрлық шешім әзірлей алу қабілетінде жатыр, – деп тарқатты Рамазан Есенғазиев.

Сарапшының болжамынша, Қазақстан цифрлық технологияның барлық бағыты бойынша бірден бәсекеге ұмтылмауы керек. Тек белгілі бір тәжірибе жинақталған салаға басымдық бергені жөн. Олардың қатарында финтех, цифрлық мемлекеттік қызметтер (GovTech), тау-кен өнеркәсібіне арналған шешімдер, инженерлік бағдарламалар, талдау бағыттары бар.

Арман Бейсекеевтің айтуынша, бұл процесс қазірдің өзінде басталып кеткен. Көптеген қазақстандық маман шетелдік компанияларда жұмыс істеп жүр.

– Отандық мамандар қазірдің өзінде шетелдік компанияларда жұмыс істеп жүр. Бағдарламалау, дизайн, инженерия, қаржылық талдау салаларында еңбек етіп жүргендерді білеміз. Сондықтан мемлекет аталған бағытты әрі қарай қолдап, білім беруге инвестиция салуды жалғастырса, жақын уақытта алдыңғы қатардағы елдердің біріне айналатынымыз күмәнсіз. Бұл экономиканы дамытудың жаңа бағыты болуы ғажап емес, – деді сарапшы.