«Ұзындығы 2 шақырым». Жетісулықтар аязда қант қызылшасына кезекте тұруға мәжбүр

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Ақсу ауданында қызылша тиеген жүк көліктерінің нөпірі басылар емес. Қыстың суығында техникаға қонып жатқандар зауытқа 3-4 күнде зорға кіреді.

Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған екі зауыттың бірі осы Ақсу ауданында. Мұнда жан-жақтан жиналған жүк көліктерінің жүргізушілері зауытқа өнімдерін өткізу үшін 3-4 тәуліктеп кезекке тұруға мәжбүр. Қыстың суығында техникаға қонып, темір жастанып жатқандар шаруалардың жаздағы еңбегі еш кетпесе екен деп отыр.

Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— 2-ші күн болды, әлі тұрмыз. Көлікке қонамыз. Тамағымызды сатып алып, көлік ішінде ішеміз. Мұның алдында ауылдың арғы басынан зауытқа дейін жүріп, 4 күн дегенде зорға кірдім. Күннің суытқаны қиын болды. Пәтер жалдап көріп едім, оның өзі суық, қайтып келіп, камазға жаттым, — деді Түркістан облысынан келген жүргізуші Әбдумәуленов Ержан.

Желіде Жансүгіров ауылында ұзын-сонар кезектің пайда болғанын айтып, жазба қалдырған ақсулық белсенді жүргізушілер мәселені ашық айтсақ қысым болама деп қорқып отырғандарын айтты.

Жүргізушілердің зауыт басшылығы мен жергілікті әкімдікке күн суытқанда амалын тауып, кезекті жылдамдатса, жүйелесе деген өтініші бар.

Еске салайық, осыған дейін Көксу қант зауыты тәулігіне 4 мың тонна қант қызылшасын қабылдайтынын жазғанбыз.