Вакцина алу міндет пе, таңдау ма – әлемдік тәжірибе қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары әлемде вакцинадан бас тартқандар саны артып келеді. ДСҰ мен ЮНИСЕФ -тің 2024 жылғы мәліметіне сәйкес, 14 млн-нан астам бала бірде-бір екпе алмаған. Сарапшылардың сөзінше, бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден де жоғары болып отыр. Ал елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы 9 жылда екпеден бас тартқандар 5 есе өскен.

Коллаж: Kazinform / Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Бұл жайт мамандарды алаңдатып отыр, себебі ұжымдық иммунитеттің әлсіреу қаупі күшейеді. Дегенмен, әр мемлекет бұл мәселеде әртүрлі тәсілдердіқолданып жүр. Осы орайда, әлем елдері вакцина алмайтындармен қалай күресіп жатыр, Қазақстанда вакцинация саясаты қай бағытта дамып келеді деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Елімізде соңғы уақытта екпеден бас тартқан азаматтар қатары артып келеді. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы екпе алмағандар саны 5 мыңнан сәл асқан болса, өткен жылғы көрсеткіш 25 мыңнан асып жығылған.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, мұндай үрдіс тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде белең алып отыр.

– Қазақстанда профилактикалық екпемен қамту деңгейіне, екпеден бас тарту жағдайларына тұрақты түрде мониторинг және талдау жүргізіледі. Мәселен, елімізде соңғы 9 жылда вакцинациядан бас тарту көрсеткіші 4,8 есе өскен. Дегенмен, бұл тек біздің ғана емес, ғаламның проблемасына айналды, өйткені шет мемлекеттерде де иммундауға қарсы азаматтар саны артпаса, азайып жатқан жоқ, - деді спикер.

Фото: Kazinform

Бұл, оның айтуынша, иммунизацияланбаған адамдардың көбеюіне ықпал етіп, солардың арасында аурулардың тіркелу қаупін арттырады.

– Вакцинация – инфекциялық аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.Әрбір ел ұлттық егу күнтізбесін эпидемиологиялық жағдайға, инфекциялардың таралуына және жүйенің мүмкіндігіне қарай жасайды, – дейді комитет төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов.

Адамдар неге вакцинадан бас тартып отыр

ДСМ деректеріне сәйкес, Қазақстандағы вакцинадан бас тартудың басым бөлігі медициналық себептерге емес, жеке көзқарас пен ақпараттық ортаның ықпалына байланысты. Мәселен, екпеден бас тарту жағдайларының 62%-ы ата-аналардың жеке наным-сенімдерінен туындаса, 16%-ы діни көзқарастарымен байланысты. Ал 15%-ына вакцинаға деген сенімсіздік себеп болса, шамамен 8%-ына интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын ақпарат ықпал етіп отыр.

Сонымен қатар вакцинадан бас тартқандардың ең көп бөлігі (58%) 2 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Ұлттық екпе күнтізбесіндегі негізгі дозалар осы кезеңде салынатынын ескерсек, мамандар бұл жағдай профилактикалық жүйе үшін ерекше маңызды екенін айтады.

Бұл тұжырымдарды ЮНИСЕФ пен Назарбаев университетінің 2024 жылы бірлесіп жүргізген зерттеу де қуаттай түседі. Ғылыми зерттеу Қазақстанның барлық өңіріндегі 0–17 жас аралығындағы балалары бар 3081 ата-ана мен қамқоршы арасында жүргізілген. Онда ата-аналардың ұлттық күнтізбедегі балалар екпесі мен COVID-19 вакцинасына қатысты ұстанымдары талданған.

Ғалымдар вакцинация туралы шешімге ең алдымен вакциналар мен денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім әсер ететінін айтады. Жүйеге деген сенім жоғары болған сайын, екпеден бас тарту ықтималдығы төмендейді. Сонымен бірге жұқпалы аурулардың қауіп деңгейін бағалау да маңызды рөл атқарады: ата-аналар ауруды неғұрлым қауіпті деп қабылдаса, балаларына екпе салдыруға соғұрлым бейім болады.

Бұдан бөлек, зерттеу әлеуметтік ортаның ықпал ететінін көрсетеді. Отбасы мен жақындарының вакцинацияны қолдауы ата-аналардың екпе алу туралы шешім қабылдауына әсер етсе, керісінше күмән келтіруі мен теріс көзқарасы екпеден бас тартуына әкелуі мүмкін.

Вакцинация: 35 жылдық тәжірибе нені көрсетті

Десе де, мамандар қазіргі вакцинадан бас тарту үрдісіне баға беру үшін иммундау саясатының ұзақ мерзімді нәтижелеріне назар аудару қажеттігін айтып отыр. Мәселен, соңғы 35 жылда Қазақстанда вакцинацияның арқасында бірқатар инфекциялық ауру азайған, тіпті жойылып кеткендері де бар.

Статистикаға көз жүгіртсек, ДСМ дерегінше, эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылық 94 есеге, А вирустық гепатиті 80 есеге, В гепатиті шамамен 94 есеге төмендеген. Сонымен қатар сіреспе жағдайлары бірнеше есе азайған, қызамық өткен жылы тек жекелеген жағдай ретінде тіркелген.

– Полиомиелит 1996 жылдан бері тіркелген жоқ, ал дифтерия 2009 жылдан бастап анықталмаған. 2002 жылы Қазақстанның полиомиелиттен еркін аумақ ретінде сертификатталуы осы саясаттың тікелей нәтижесі ретінде бағаланады, - делінген аталмыш ведомство жауабында.

Мамандар қазіргі таңдағы эпидемиологиялық тұрақтылық ұзақ жылдар бойғы үздіксіз жүргізілген вакцинация бағдарламасының нәтижесі екенін атап өтті.

Қазақстанда қандай жаза қолданылады

Вакцинацияның осындай жетістіктеріне қарамастан, одан бас тартушылар қатары көбейгенін жоғарыда атап өттік. Кей сарапшылар мұны заңның әлсіздігінен, яғни жазалау шараларының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Қазақстанда вакцинациядан бас тарту заң бойынша рұқсат етілген, яғни ата-ана баласына екпе салдырудан бас тарта алады.

– Ол үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылмаған. Мемлекет адамды вакцина алуға мәжбүрлемейді, - дейді Нұрқан Сәдуақасов.

Бірақ дәрігер-педиатр Жігер Сейтхан бұл «ешқандай талап жоқ» дегенді білдірмейтінін айтады. Оның сөзінше, денсаулық сақтау жүйесінде балалардың ұжымда қауіпсіз болуы үшін нақты санитарлық шарттар бар.

Фото: Жігер Сейтханның жеке мұрағатынан

- Мысалы, балабақшаға топ жасақтаған кезде балалардың кемінде 90 пайызы жоспарлы екпелермен қамтылған болуы керек. Осылайша, топтағы балалардың басым бөлігі вакцина алған жағдайда ғана сол орта қауіпсіз саналады. Ал вакцина алмаған балалардың үлесі 10 пайыздан аспауға тиіс. Мен 5 жыл мемлекеттік емханада жұмыс істеген кезде бұл мәселені бақылауда ұстадым. Мәселен, балабақшаға бала қабылдар алдында учаскелік дәрігер тек жеке анықтама беріп қана қоймай, балабақшаның медбикесімен немесе эпидемиологымен топтағы балалардың вакцина статусы туралы мәліметті нақтылап отыруы тиіс. Сол деректер негізінде топтағы ұжымдық иммунитет деңгейін есептеуге болады, - деді педиатр.

Оның айтуынша, егер белгілі бір инфекцияға қарсы вакцинамен қамту деңгейі шамамен 90 пайыздан жоғары болса, топ қауіпсіз деп бағаланады. Ал егер вакцина алмаған балалардың үлесі 10 пайыздан асып кетсе, онда дәрігер баланы ол топқа қабылдауға рұқсат бермеуі тиіс. Өйткені ұжымдық иммунитет төмендеген жағдайда, бала тек топтың қауіпсіздігін ғана емес, өзінің жеке денсаулығын да толық қорғай алмайтын ортаға түседі.

– Мемлекеттік балабақшаларда белгілі бір деңгейде бақылау жүргізіледі, ал жеке балабақшаларда мұндай қадағалау болмауы мүмкін, - деді Жігер Сейтхан.

Дәрігердің сөзінше, мектептердегі талап та балабақшаға қойылатын талаппен бірдей. Егер сыныпта жұқпалы ауру тіркелсе, вакцина алмаған балалар тәуекел тобы ретінде қарастырылады.

– Мұндай жағдайда мектеп медқызметкері мен учаскелік дәрігер баланың жағдайын бақылауға алып, қажет болса оны уақытша оқшаулау немесе үйде қалдыру туралы шешім қабылдайды. Бұл шаралар баланы шектеу үшін емес, инфекцияның таралуын болдырмау және жоғары қауіп тобындағы балаларды қорғау мақсатында жасалады. Сондықтан вакцинация ерікті болғанымен, ұжымдық ортада нақты медициналық бақылау мен санитарлық талаптар әрқашан сақталып отырады, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар дәрігер-педиатр халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, кей елдерде бұл мәселе бұдан да қатаң реттеледі.

– Мәселен, менің португалиялық пациентім бар. Ол жақта вакцина алмаған бала сол инфекцияны жұқтырып ауырып қалатын болса, ата-анасына жоғары көлемде айыппұл салынады. Салыстырмалы түрде оларда жауапкершілік тетігі күштірек, – деді ол.

ДСМ берген мәліметке көз жүгіртсек, шет мемлекеттерде міндетті вакцинациядан бас тартқан адамдарға түрлі санкциялар қолданылатыны айтылады. Атап айтқанда:

- қаржылық, соның ішінде айыппұл түрінде;

- вакцина алмаған баланың білім беру қызметтеріне қол жеткізуінің шектелуі;

- міндетті вакцинацияға жататын егілмеген қызметкерлерді жұмыстан шеттету;

- белгілі бір қызметтерді (қоғамдық тамақтану объектілері, мәдени-ойын-сауық орындары, қоғамдық көлік және басқалары) немесе белгілі бір жеңілдіктер мен жәрдемақыларды пайдалану құқығының шектелуі.

Халықаралық тәжірибе не дейді

Осы тұста, шын мәнінде өзге мемлекеттердегі жағдай қалай деген сауал туындайды. Осыған жауап беру үшін 2025 жылы вакцинация саласындағы жетекші халықаралық ғылыми басылымдардың бірі Vaccine журналында жарияланған зерттеуге назар аудардық. Аталған ғылыми еңбекте негізгі фокус балалардың қаншасы вакцина алғаны немесе алмағаны туралы статистикаға емес, керісінше елдердегі вакцинация саясатына, яғни қандай талаптар мен ережелердің қолданылатынына қойылады. Басқаша айтқанда, зерттеу әр елдің вакцинацияны міндеттеу деңгейін, мектепке қабылдау шарттарын және бас тарту жағдайында қолданылатын реттеу тетіктерін салыстырады.

Әлемнің 194 елін қамтыған зерттеуге қарасақ, 106 елде, яғни мемлекеттердің жартысынан астамында балаларға екпе салу міндетті талаптардың қатарына кіреді. Ал 91 елде вакцинадан бас тартқан ата-аналарға қатысты түрлі ықпал ету тетіктері қолданылады. Дегенмен әлемдік тәжірибеде тікелей мәжбүрлеу сирек кездеседі. Көптеген мемлекет әкімшілік және әлеуметтік құралдарды пайдалануға басымдық береді.

Фото: акимат Астаны

Мәселен, аталмыш ғылыми еңбекте ең қатаң модельдердің бірі ретінде Францияны көрсетеді. Мұнда кеңейтілген ұлттық екпе күнтізбесі бойынша вакцинация міндетті саналады. Баланы балабақшаға немесе мектепке қабылдау кезінде вакцина алғанын растайтын құжат талап етіледі. Басқаша айтқанда, білім беру ұйымдарына қабылдау екпе күнтізбесінің орындалуымен тікелей байланысты.

Осыған ұқсас тәсілді Италия да қолданады. Қызылша ауруының өршуінен кейін елде міндетті вакциналар тізімі кеңейтілген. Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде екпенің болмауы баланы қабылдамауға негіз болуы мүмкін. Сонымен қатар ата-аналарға әкімшілік айыппұл салу тетігі де қарастырылған.

Ал Аустралия басқа жолды таңдаған. Мұнда «No Jab, No Pay» («Екпе жоқ болса, төлем де жоқ») қағидаты жұмыс істейді. Медициналық негізсіз вакцинадан бас тартқан ата-аналар әлеуметтік төлемдердің бір бөлігінен айырылуы мүмкін. Кейбір штаттарда екпе алмаған балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға баруына да шектеулер қойылған.

Ал Германиядағы жағдай мүлдем өзгеше. Мәселен, оларда қызылша ауруының көбеюінен кейін балалар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері үшін осы инфекцияға қарсы вакцина алғанын растау міндеттелген. Алайда бұл талап барлық екпеге емес, қоғамдық денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін жекелеген ауруларға ғана қатысты.

Осы елдермен салыстырғанда Қазақстан біршама жұмсақ модельді ұстанады. Елде профилактикалық екпе салу ұлттық күнтізбесі бар, бірақ вакцинадан бас тартқаны үшін қаржылық санкциялар қолданылмайды. Негізгі назар әкімшілік бақылауға, медицина қызметкерлерінің жұмысына және халықты ақпараттандыруға аударылған.

Осылайша, халықаралық тәжірибе мемлекеттердің вакцинация деңгейін көбіне білім беру ұйымдарына қолжетімділікті шектеу, қаржылық ынталандыру және әкімшілік тетіктер арқылы арттыруға тырысатынын көрсетеді. Ғалымдар бұған қоғамдық денсаулықты қорғау мен азаматтардың құқықтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді деп баға береді.

Қорыта келе, ресми деректер мен ғылыми зерттеулер вакцинация туралы шешімге екпенің қауіпсіздігіне көзқарас, медицина жүйесіне деген сенім және әлеуметтік орта әсер ететінін көрсетіп отыр. Сондықтан да мемлекет вакцинациядан бас тарту деңгейін төмендету үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, медицина мамандарының біліктілігін арттыруға және діни қауымдастықтармен диалог орнатуға басымдық беруі тиіс.