***
«Тәуелсіз ел болғанымызға, құдайға шүкір, 20 жылдан асты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып бекітілгеніне ширек ғасырға аяқ басты. Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазының есебі бойынша, қазір орталық мемлекеттік органдардағы қазақтардың үлесі кем дегенде 92 пайызға барыпты. Ал кейбірінде тіпті 98 пайызға жеткен екен. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп Елбасының талап қойғанына да біраз болды. Мемлекеттік қызметтегі адамдар Мемлекет басшысының талабын екі қылмаулары керек еді ғой.Осыншама қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесіп, қазақша әзілдесіп, мәселені қазақша көтеріп жатса, ендігі жаңа қырға шығып кетер едік қой. Мемлекеттік тілге қатысты мәселе қазір қозғалмас та еді. Ал... бізде бұл мәселе кейде бұрынғыдан да кері кетіп бара жатыр ма деп қаласың»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Заңдар қашан қазақша жазылады?» атты мақалада.
Осы басылымда «Анасын баспанасыз қалдырды» деген материал берілген. «Келім-кетімі сапырылысқан арзанқолды жатақ-орынға аяқ астынан қалай тап болғанына әлі де таң, 90- ға толғалы отырған ғаріп шағында күтілмеген күйінішті күйге түсуіне әлі де сенуі қиын Бибі Жанықбаева әженің жан-жағына жаутаңдап, жетімсіреп күн кешкеніне біраз уақыт болып барады. Айтушылардың ойда жоқтағы осындай жайын түсіндіруінше, бірге тұрып келген ортаншы қызы Әзипа Төрежанова шешесінің иелігіне тіркелген үш бөлмелі үйді сатып жіберіп, өмірі біліп-көрмеген жерге әкеліп тастап кетіпті»,-деп жазады «Егмен Қазақстан». Қызының кенеттен әбігерленіп, өзін әр мекемелерге жетелеп жүріп бір қағаздарға қол қойдырып алғаны есінде. Қай ана туған баласынан мұндай безбүйректік күтер дейсіз. Содан бері қара үзіп кеткен Әзипасынан еш хабар жоқ. Күні бойы терезеге үңілулі кейуана жанары жастан да суалған. Әзірге паналатушылар әже тағдырына жанашырлық жасап отырғанымен іздеушісі болмаса қайтпектерін білмей қиналады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында мал бордақылау бизнестің негізгі салаларының біріне айналды. Әсіресе, ауыл азаматтары мұны кәсіпкерліктің ең ыңғайлы түрі деп бағалауға көшті. Мысалы, Қазығұрт ауданында «Қайып ата» деп аталатын ЖШС бар. Оның президенті Жарас Ертаев деген азамат. Белгілі кәсіпкер өз отбасына ғана емес, ондаған ауылдастарына жұмыс тауып беріп отыр. Салықты уақтылы төлеп тұрады. Сол арқылы ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Қазір «Қайып атада» 1 мыңнан аса ірі қара бордақылануда. Асыл тұқымды мал ұстап, бордақылауды олар осыдан 3 жыл бұрын бастапты. 2010 жылы қорасында 200 бас ірі қара болған екен. Алғашқы жылдың өзінде 500 тоннадай ет өндіріпті. Кейін ауыл кәсіпкерлері түскен қаражатқа Қазақстанның солтүстік облыстарынан асыл тұқымды ірі қара малдың баспақтары мен бұзауларын сатып алып келе бастаған. «Ірі қара мал Оңтүстік Қазақстанды жерсінер ме екен» деген ойдың болғаны рас. Бірақ оларға ерекше күтім жасалып, жем-шөбі мен суын уақтылы беріп тұрған жұмысшылардың еткен еңбектері зая кеткен жоқ. Біртіндеп салмақ қосулары жақсара бастапты. Бұл мақала көпшілік назарына «Бұқа баққандар байи бастады» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Ван Дамм қазақ киносына түспек» атты мақала жарияланған. Бұл үстіміздегі жылдың желтоқсан айында шешілуі мүмкін. Өйткені Қарағанды қаласында жыл сайын Ғалым Жарылғапов атындағы дәстүрлі турнир өтеді. Ал бұл халықаралық жарысқа Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғазы Жарылғапов Жан-Клод Ван Даммды шақырмақ. Атақты Жарылғапов турниріне Жан-Клод құрметті қонақ ретінде келмек. Алайда болашақ киноның сценарийін Жарылғаповтың ұлы Нұрғазы мен жергілікті кәсіпкер Құлкеев атақты актерге жарысқа келген уақытта көрсетпек.
***
«Алаш айнасы» газетінің бірінші бетіндегі «Мигранттарды маңдайдан сипаудан ұтарымыз бар ма?» деген мақаладан мигрант үшін мазасыз мемлекеттер тізімімен танысып, біздің елдің аса жайлы екенінен хабардар боласыздар. Бәрінен бұрын, сырттан келетіндерді кедей-кепшік деп мүсіркемеу керектігі айтылады, өйткені олардың басым бөлігі қылмыс жасайтындар екен. Деректерге көз жүгіртсек, мигрантқа қабақ шытпайтындардың тізімінде біз алғашқы үштікті межелеп тұрмыз. Бұл тізім Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Тәжікстан Түрікменстан, Өзбекстан болып жалғасып кете барады. Осылайша мигрантқа жылы пейіл білдіріп отыратындардың сапында алғашқы үштікті бағындырыппыз. Ал отандық сарапшылар «бұған біздің құзырлы орындар алаңдауы тиіс. Келімсектерге қонақжайлылық танытудың артында ұлттық қауіпсіздігіміз жатыр» деседі.
Осы басылымның «Нарық» бетіндегі «Атырау вахталық қалаға айналып кетпей ме?» деген мақаладан алдағы маусым айында іске қосылады деп ел болып үміт күтіп отырған «Қашаған» кеніші мен «Болашақ» зауыты жайлы екіге жарылған қоғамдық пікір жайы қозғалады. «Аджип» ҚКО компаниясының атқарушы директоры Умберто Каррараның сөзіне сүйенсек, кеніште алғашқы кезеңде тәулігіне 180 мың баррель мұнай өндірілсе, кейін бұл көрсеткіш 370 мың баррельге жетеді екен. «Аджиптің» экологиялық тұрақты даму жөніндегі менеджері Игорь Лукашовтың сөзі жалғағандай болды: «Теңіздегі кешенде алаудан ауаға тарайтын зиянды заттар аумағы бес шақырымға, газ қатты шықса, жеті шақырымға ғана жайылады. Пайдаланылатын сулардың 97 пайызы таза күйінде кері қайтарылады», - дейді ол. Тіпті, шетелдік инвесторлар қауіпті жағдай орын алса, шетелден көмек келетіні туралы келісімшарт бар, бірақ Қазақстандағы мүмкіндіктеріміз де кез келген апатты ауыздықтауға жетеді деседі. Ал «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының төрағасы, эколог Махамбет Хакимов қарт теңіз қаһарына мінсе, адамзатқа зор қауіп туғызатынын айтудай-ақ айтып келеді. «Қашаған мұнайы «Болашақ» зауытына тасымалдана бастағанда қауіп-қатер де көбейе түседі, - дейді эколог.