Ванкувер Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың тізімі анықталды

А. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ақпанның 12-сі мен 28-і аралығында Канаданың Ванкувер қаласында өтетін ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың тізімі белгілі болды.

Қазақстан құрамасының қоржынында барлығы 39 лицензия бар. Бұл тәуелсіздік жылдары ішіндегі біздің спортшылардың қысқы олимпиада ойындарына жеңіп алған рекордтық сандағы жолдамалары болып табылады. Канададағы олимпиадада спорттың тоғыз түрі бойынша 37 қазақстандық сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ванкувер Олимпиада ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасының құрамы мынадай:

Биатлон, ерлер: Александр Червяков, Ян Савицкий, Диас Кеңешов, Николай Брайченко, Александр Трифонов; әйелдер: Елена Хрусталева, Анна Лебедева, Марина Лебедева, Любовь Филимонова.

Шаңғы спорты, ерлер: Николай Чеботько, Сергей Черепанов, Алексей Полторанин, Евгений Величко, Евгений Кошевой; әйелдер: Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, Татьяна Рощина, Марина Матросова, Елена Антонова.
Тау шаңғысы спорты: Игорь Закурдаев, Людмила Федотова.
Конькимен жүгіру спорты, ерлер: Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Денис Кузин; әйелдер: Екатерина Айдова (екі дисциплинада).
Тұғырдан шаңғымен секіру: Николай Карпенко, Алексей Королев.
Фристайл (могул), ерлер: Дмитрий Рейхерд, Дмитрий Бармашов; әйелдер: Юлия Родионова, Дарья Рыбалова, Юлия Галышева.
Шорт-трек: Айдар Бекжанов (екі дисциплинада).

Мәнерлеп сырғанау: Денис Тен, Абзал Рахымғалиев.

Фристайл (шаңғы акробатикасы): Жібек Арапбаева.
Айта кетейік, Ванкувер олимпиадасында әлемнің 80 елінен үш мыңнан астам спортшысы жарыс жолына шығады. Олимпиадада спорттың 15 түрінен 86 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Бұл қазақстандық спортшылар үшін бесінші қысқы Олимпиада болмақ. Командамыз үлкен болмағанымен өте жинақы. Жолдаманың басым бөлігін әдеттегідей шаңғы спортының өкілдері жеңіп алды. Сарапшылар дәл осы бағдарламалар түрінен біздің спортшыларымыздан жақсы нәтижелер күтуде. Соңғы маусымда қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин әлемнің үздік он спортшысының қатарынан көрінген болатын. Сонымен қатар Николай Чебатько, Евгений Кошевой, Сергей Черепановтарға артар үміт мол.

Ал әйелдерге алтылыққа ену міндеті жүктеліп отыр. Дегенмен осы маусымда жеке есепте Елена Коломина көзге түсті. Ол таяуда өткен дәстүрлі «Тур де СКИ» жарысында күміс жүлдені еншілеген еді.Биатлон жарысында команданың көшбасшысы Елена Хрусталевойға зор сенім артылып отыр. Өткен жылы ол әлем чемпионатында алтыншы орынды қанағат тұтты. Олимпиада медалін ұту мүмкіндігі спорттың фристайл түрінің өкілі Дмитрий Рейхардта мол. Ол өткен маусымда «Могул» дәрежесінде Әлем кубогы кезеңінің бірнеше медалін иеленсе, ал осыдан екі апта бұрын әлем біріншілігінің қола жүлдесін олжалады.

Мәнерлеп сырғанау жарыстары да өте тартысты өтеді деп күтілуде. Спорттың бұл түрінен қазақстандық Денис Тен мен Абзал Рахымғалиев, Бриан Жубер, Патрик Чан сынды мәнерлеп сырғанаудың саңлақтары және ТДМ-ға танымал ресейлік Евгений Плющенкомен қатар өнер көрсетпек. Сонымен қатар еліміз Канадада өтетін олимпиадада алғаш рет шорт-трек бағдарламасына қатысады.