Велосипедпен әлемді аралап жүрген ерлі-зайыпты француздар Ақтауға келді
Саяхатшы жұп 2022 жылы 29 сәуірде Грузиядан Әзербайжанға, ал 7 мамырда Бакуге жетіп, 25 мамырда Ақтауға келген.
Ақтауда француз саяхатшылары Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен Ш.Есенов атындағы университетіне өз жобаларын ұсынды.
Өз таныстырылымында Эмили мен Дэвид Даун синдромын ғана емес, есту және тірек-қимыл аппаратының бұзылуы мәселелерін де қозғап өтті.
Жоба Францияның Trisomie 21 France федерациясының және оның халықаралық серіктесі Down Syndrome International қолдауымен басталған.
- Велосипедпен саяхаттау барысында адамдармен сөйлесуге, олармен танысуға көбірек мүмкіндік бар. Бізді жолда тоқтатып қонаққа шақырғандар да болды. Әр елдің адамдарын жақсы түсініп, жақын болғымыз келеді,- дейді Эмили.
Отбасылық жұп велошерудің арқасында Даун синдромы және басқа да психикалық ауытқуы бар адамдардың спортпен шұғылдануына ықпал еткісі келеді.
Қазақстаннан кейін Эмили мен Дэви Өзбекстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне баруды жоспарлап отыр.