Велоспорт: А. Контадор «Тур Альгарве» көпкүндігінің бірінші кезеңінде мәреге 16-шы болып келді

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Португалияда велоспорттан «Тур Альгарве» көпкүндігі басталды. Биылғы маусымдағы жарысын осы турнирден бастаған «Тур де Фран-2009» көпкүндігінің жеңімпазы, «Тур Альгарвенің» қазіргі чемпионы «Астана» командасының көшбасшысы Альберто Контадор мәреге 16-шы болып келді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұзындығы 157,5 шақырымдық бұл кезеңде «Франце де Жо» командасының өкілі француз Бенуа Вогренар жеңіске жетті. Екінші орынды «Катюша» командасының спортшысы испандық Хоана Оррача алды. «Коламбии» командасының мүшесі неміс Андре Грайпель үздік үштіктің қатарынан табылды.

Айта кетейік, бұл жарысқа «Астана» командасынан Альберто Контадор, Дэвид-де ла Фуэнте, Максим Гуров, Андрей Гривко, Джесус Хернандес, Дэниель Наварро, Дэниель Новаль және Сергей Ренев қатысуда. Осы турнирге біздің команданың биылғы жылғы басты қарсыласы «RadioShack» командасы да мықты құраммен қатысып жатыр. RadioShack-тің құрамында былтырғы маусымда «Астана» сапында өнер көрсеткен неміс Андреас Клёден және американдық Левай Лайфаймер бар. Былтыр «Астана» намысын қорғаған Андреас Клёден «Тур де Франс» көпкүндігінде А. Контадордың жеңіске жетуіне көмектесіп, өзі жалпы есепте 6-шы орын алған болатын.