Біздің команданың бір артықшылығы - олар жарыс жолына сөреден соңғы болып шығады. Атап өтерлігі, жарысты ұйымдастырушылар турнирге командалық жарысты осымен қатарынан төртінші жыл қосып отыр. Биылғы маусымда жарыстың бағытына қыратты жолдар қосылмаған. Егер де командалық жарыста қыратты тұстар болғанда, Винокуров пен оның командаластарының жалпы есепте көшбасшылықты сақтап қана қоймай, соңындағы бәсекелестерінен ұзап кетуге мүмкіндігі мол болар еді.
Айта кетейік, «Астана» клубының өкілі, қазақстандық әйгілі велошабандоз Александр Винокуров «Джиро д'Италия» көпкүндігінің үшінші жарыс күнінен кейін жалпы есепте бірінші орынға шығып, үстіне көшбасшының қызғылт жейдесін киді. Жалпы есепте Александрдың ізін-ала Saxo Bank командасының өкілі австралиялық Ричи Порте мен Garmin командасының намысын қорғаушы британдық Лэвид Миллар келеді.