Велоспорт: «Джиро д'Италия» көпкүндігінің командалық жарысында «Астана» 5-ші нәтиже көрсетті

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кеше «Джиро д'Италия» көпкүндігінің төртінші кезеңінде командалық жарыс болды.

Бұл кезеңде «Астана» клубы үздік үштіктің қатарына кіре алмады, бірінші келген Италияның Liquigas-Doimo командасынан 0,38 секундқа қалып қойып, 5-ші нәтиже көрсетті. Ал, төртінші кезеңге дейін көш бастап, қызғылт жейдені киген Александр Винокуров жалпы есепте бірден алтыншы орынға сырғыды.

Командалық жарыста бірінші орынды Италияның Liquigas-Doimo командасы алды. Үздік үштіктің қатарындаы Ұлыбританияның Sky және АҚШ-тың Columbia командалары бар.

Жалпы есепте көш басына Италияның Liquigas-Doimo командасының өкілі Винченцо Нибали шықты. Екінші және үшінші орындарда да аталмыш команданың шабандоздары Иван Бассо мен Валерио Агноли тұр. Одан кейінгі орындарға АҚШ-тың Columbia командасының өкілдері германиялық Андре Грейпель мен австралиялық Мэтью Госс орнықты. «Астана» клубының көшбасшысы жерлесіміз Александр Винокуров әзірге алтыншы орында тұр. Винокуров бірінші орындағы Нибалидан 0,33 секунд қалып келеді.