Вена қаласында көше ұрыстары басталды - Кеңес ақпарат бюросының 1945 ж. 11 сәуіріндегі мәліметінен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай эксклюзивті материалдарды жариялауды жалғастырады.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 13 сәуірде шыққан санында 3-ші Украин майданы әскерлерінің Австрия астанасы Вена қаласында көше ұрыстарын жүргізіп жатқандығын жариялады.

Кеңес ақпарат бюросы соғыс барысын былайша мәлімдейді:

«11 апрельде Карпат өңірінде Ружомберок каласының батыс жағында, әскерлеріміз чехословак және румын әскерлерімен бірге шабуыл жасай отырып, Святой Мартин қаласы мен темір жол станциясын, Врутки темір жол торабы станциясын және 40-тан аса басқа елді мекендерді, олардың ішінде Шутово, Ратково, Турани, Сучаны, Дражковце, Забарье, Жабокреки, Бистричка, Требостово, Прибовце, Валча, Лазаны, Врицко қыстақтарын ұрыспен алды.

Братиславаның солтүстік-батыс жағында 2-Украин майданының әскерлері Морава өзенінің батыс жағында шабуыл жасай отырып, Австрия жерінде Дюрнкрут, Штилльфрид, Оллерсдорф, Вейдендорф. Эбенталь, Протес, Орельм, Шпаннберг, Мацен, Раггендорф, Рейерсдорф кыстақтарын алды.

Ал Венада 3-Украин майданының әскерлері Дунай каналынан өтіп, канал мен Дунай өзені аралығындағы қала ауданының оңтүстік-шығыс жағын алды. Қазір қала көшелерінде ойдағыдай ұрыстар жүргізуде», - делінген.

Сонымен қатар, неміс басқыншылары Австрияның қалалары мен селоларының халқын шегінген неміс әскерлерімен бірге көшірмек болады. Олар халықты қорқыту үшін Қызыл Армия жайында қисынсыз өсектер таратады. Дегенмен, халықтың басым көпшілігі көшуден бас тартқан.

Мәлімет соңында әскери олжалар жайлы айтылады: «Майданның басқа учаскелерінде айтарлықтай өзгеріс жоқ.

10 сәуірде немістердің 13 танкісі қиратылды, жойылды. Әуе ұрыстарында және зенит зеңбіректерімен дұшпанның 16 ұшағы атып түсірілді. Бір күнге ұрыстарда жаудың 4000 аса солдаттары мен офицерлері қолға түсті», - деп жазылған.

***

Газеттің көшірмелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» РММ-нен алынды. Орталық директоры Алқия Рахымбаеваға алғыс білдіреміз.