Венада «Астана» командасының 2010 жылдағы тұсаукесер рәсімі болды

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қоры «Астана» велокомандасының бас демеушісі болғандығына байланысты, Венада команданың 2010 жылдағы тұсаукесер рәсімі болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рәсім кезінде команданың бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры еуропалық спорт қауымы алдында команданы қолдаудағы өз жоспарларымен бөлісті. Қазақстанның Велосипед спорты федерациясының президенті Қайрат Келімбетов: «Еуропада «Астана» командасына өте үлкен мән беріледі. Өйткені, бұл соңғы 2 жыл ішінде бүкіл әйгілі гранд-турларда көшбасшы болып келе жатқан суперкоманда», деп атап көрсетті делінген баспасөз қызметінің бүгінгі таратқан хабарламасында.

Қ.Келімбетовтың айтуына қарағанда, биыл команда жыл ішінде өтетін жарыстардан жаңа жеңістермен оралуды мақсат етіп отыр, сонымен қатар, 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиадаға дайындалып жатыр.

Қ.Келімбетов еуропалық спорт қауымына Қазақстан Велоспорт федерациясының қысқа мерзім ішінде 2 негізгі мақсатты көздеп отырғанын айтты: «Астана» командасын қолдау және Қазақстандағы велосипед спортын дамыту. «Астана» командасының әлемдік аренадағы жеңісі осы спорт түрін ел ішінде танымал, қызықты етуге үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әрі, «Астана» брэнді футболдағы «Реал Мадрид» брэнді секілді болды. Енді оған тек жанкүйерлердің көңілін ғана емес, инвестор, демеуші, серіктестердің назарын аудару керек. Бұл спортшылар Еуропада жарыста жүрген кезде - Еуропадағы, Азиядағы, Қазақстандағы халыққа үлкен қуаныш әкеледі. Біз де бүкіл әлеммен қосылып, олардың жеңістеріне қуанамыз деп ойлаймын», деп атап өткен салтанатты шарада Қ.Келімбетов.

Ал, өз кезегінде Халықаралық велосипед спорты федерациясының өкілдері демеушінің «Астана» командасын қолдау жөніндегі жоспарларына қанағаттанып, өз тараптарынан, болашақта веложарысты Қазақстанда - әлемдегі ең мықты команданың отанында өткізу туралы идеяны қолдайтындықтарын білдірген.