ОРАЛ. 20 қараша. ҚазАқпарат - Хромтау қаласында мәреге жеткен волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында республика чемпионатының бірінші турынан кейін Оралдың «Конденсаты» бесінші орында келеді.
Игорь Никольченко жаттықтыратын оралдықтар бұл турда Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысы» мен «Павлодар» клубтарын 3:0 есебімен ұтты. Алайда басқа ойындарында «Конденсат» әбжілдік таныта алмады. Ел чемпионы «Алматыға» 0:3 есебімен есе жіберсе, «Атыраудан» 1:3 есебімен ұтылды. Ал аса тартысты өткен матчтарда алаң иелері «ТНК Казхром» мен Петропавлдың «Есілінен» 2:3 есебімен жеңіліп, ұпай жоғалтуға мәжбүр болды. Бірінші турда «Конденсат» сапынан Орал волейболының түлегі Виталий Вориводин үздік деп танылды.
Бірінші тур қорытындысы бойынша «Алматы», «Атырау», «Павлодар» командалары алда келеді.
Екінші тур ойындары 7-16 желтоқсанда Павлодар қаласында өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).