Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, алғашқы кіші турды сәтті өткізген тараздықтар Өскемен қаласында да жеңіліс тапқан жоқ. Олар «Есілді» (Петропавл) 3:0, Оралдың «Конденсат-Жайықмұнайын» 3:1, «Атырауды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
«Жайық» волейбол клубының директоры Шоқан Кеңесовтің хабарлағанындай, 12 желтоқсан күні «Тараз» «ТНК «Қазхром» командасын 3:1 есебімен ұтты. Сөйтіп жекедара көш бастаған ол ұпай санын 19-ға жеткізді. Айта кету керек, Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысы» да өз алаңында сәтті өнер көрсетті.
2014 жылғы ел чемпионы «Алматы» командасының жаңа маусымдағы аяқ алысы онша емес. Бұл турда олар оралдықтар мен «Есілді» 3:1 есебімен жеңгенімен, хромтаулықтар мен атыраулықтардан ұтылып қалды. Сол секілді күміс жүлдегер «Конденсат-Жайықмұнай» Өскеменде небәрі төрт ұпайға қол жеткізді. Олар «Алматы» мен «Таразға» қоса, өскемендіктерге 2:3 есебімен есе жіберіп, тек соңғы күні «Павлодарды» ғана 3:0 есебімен ұта алды.
Игорь Никольченко жаттықтыратын батысқазақстандықтар енді 23-28 желтоқсанда Хромтауда өтетін кіші турға қатысады.