АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында 2018 жылғы Жапонияда өтетін әлем біріншілігіне іріктеу турнирінің «А» тобы командалары арасында финалдық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, соңғы күні алдымен Қытай құрамасы Қытайлық Тайпейді 3:0 (25:18, 25:14, 25:10) есебімен ойсырата ұтты. Содан кейін Вячеслав Шапран жаттықтыратын қазақстандықтар да топтың аутсайдері Фиджи құрамасын (3:0) оңай жеңді. Осылайша, қарсыластарының бәрін ұтқан қытайлықтар 12 ұпаймен топ жеңімпазы атанса, одан үш ұпайы кем қазақстандықтар екінші орынға көтерілді. «А» тобынан осы қос команда 2018 жылы Жапонияда болатын әлем чемпионатына жолдама алды.
Таиланд елінде өткен іріктеу турнирінде «Б» тобынан алаң иелері мен Оңтүстік Корея командасы үздік шықты. Олар да дүниежүзілік додаға қатысады.
Айта кетейік, қазақстандықтар осымен төртінші рет қатарынан әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Бұған дейін олар 2006, 2010 және 2014 жылғы біріншілікте өнер көрсеткен еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).