АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өтіп жатқан 2018 жылғы Жапонияда өтетін әлем біріншілігіне іріктеу турнирінің финалдық кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін шешуші кездесуін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Вячеслав Шапран жаттықтыратын қазақстандықтар жолдама үшін өзінің негізгі қарсыласы Қытайлық Тайпей құрамасымен кездесті. Бірінші партияда қазақстандықтар басым түскенімен, екіншісінде тайпейліктер есе қайырды. Үшінші, төртінші партияда Қазақстан құрамасы басымдық танытты. Дегенмен тайпейліктер де қарсыласып бақты. Тіпті соңғы партияда есеп 13:23 болып тұрған мезетте олар тамаша ойнай білді.
Есесіне Қазақстан құрамасының капитаны Радмила Береснева доп алуда қателікке жиі бой алдырды. Есеп 20:23-ке жеткеннен кейін ғана қазақстандықтар допты өз пайдасына жаза алды. Сөйтіп бұл партияда 25:20 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп - 3:1. Матч барысында шабуылшылар, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова, Екатерина Жданова, байланыстырушы Наталья Акилова сынды ойыншылар сәтті өнер көрсетті.
Осылайша, бұған дейін австралиялықтарды ұтқан Қазақстан құрамасы алдағы жылы Жапонияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).