АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан құрамасының қатысуымен өткен волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда Сербия құрамасы Бразилиядан 3:0 есебімен басым түсті. Ал үшінші орын үшін сайыста Италия АҚШ-ты дәл сондай есеппен тізе бүктірді.
Дүбірлі дода Нидерланд және Польша мемлекеттерінде 23 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткізілді. Онда барлығы 24 құрама қатысып, төрт топта бақ сынады.
Қазақстандық волейболшылар С тобында сынға түсті. Топтық кезеңде АҚШ, Сербия, Германия, Болгария және Канада құрамаларымен сынға түсіп, олардың барлығына есе жіберді.
Осылайша жалпы командалық есепте 23-орынға тұрақтады.
Қазақстандық волейболшылар әлем чемпионаты финалдық сатысында бесінші мәрте бақ сынады. Бұдан бұрын жалпы командалық есепте 2018 жылы – 17, 2010 жылы – 21, 2014 жылы – 15, 2018 жылы – 24-орынға жайғасқан болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.