Волейболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарында «Жетісу» жеңіліссіз келе жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан әйелдер командалары арасында Алматыда  өтіп жатқан Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарында Талдықорғанның «Жетісу»  командасы ғана жеңіліссіз келе жатыр,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Талдықорғандықтар  биыл ширек финалдағы алғашқы 4 ойында  да 3:0 есебімен басым түсті. Өткен жылғы ел кубогының жеңімпазына  бұл кездесулерде  «Спартак» (Теміртау), «Алматы» (Алматы), «Астана» (Астана) және «Ертіс» (Павлодар) командалары  тізе бүкті. Бүгін енді барлық командалар 1 күндік үзіліс жасап, ертең сайысты қайта жалғастырғалы отыр. Онда  «Астана» мен «Спартак»,  «Металлург» пен «Жетісу»,  «Шығыс» пен «Грация», «Ертіс» пен «Алматы» өзара күш сынаспақ. Павлодар мен Алматы қаласының волейболшылары  бұған дейінгі кездесуде тек  талдықорғандықтарға ғана есе жіберген болатын.

 Қазанның 20-сы күні басталған республика кубогының ширек финалдық ойындары алдағы сейсенбі күні  өз мәресіне жететін болады.