АСТАНА. KAZINFORM — Өскемен және Ақтөбе қалаларында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты ІІІ кіші турының ойындары мәресіне жетті.
Өскеменде орталық матчта өткен жылғы чемпион «Жетісу» мен күміс жүлдегер, алаң иелері «Берел» шеберлік байқасты.
Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар бұл жолы да дес берген жоқ — 3:0 (25:20, 25:23, 25:10).
Осылайша, чемпионат басталғаннан бері ұтылмай келе жатқан «Жетісу» жеңіс сериясын 17 матчқа жеткізді. Қазіргі кезде талдықорғандық клуб 49 ұпаймен жекедара көш бастап келеді.
Солтүстікқазақстандық «Қуаныш» 45 ұпаймен екінші орынға орнықса, «Берел» (37 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр.
«Қуаныш» Ақтөбе қаласындағы үш кездесуін де жеңіспен аяқтады.
Биыл өз тарихында алғаш рет ел кубогын жеңіп алған «Тұран» (Түркістан) 24 ұпаймен төртінші сатыға табан тіреді. Бірақ оларды 23 ұпаймен «Қарағанды» өкшелеп келеді.
Біріншіліктің үшінші үлкен тур бәсекелері 27 қаңтар — 2 ақпан аралығында Өскемен қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісу» командасы суперкубокты бесінші рет жеңіп алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).