ОРАЛ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан біріншілігінің бесінші туры наурыздың 9-16-сында Орал қаласында өткізіледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төртінші турдың ойындары Атырау қаласында мәреге жеткен болатын. Төрт турдың қорытындысы бойынша ел чемпионы «Алматы» командасы 54 ұпаймен жекедара көш бастаса, биыл жақсы өнер көрсетіп жүрген Хромтаудың «Казхромы» 51 ұпаймен екінші орында келеді. Ал «шабысын» бәсеңдетіп алған «Атырау» 49 ұпаймен үшінші орынға орналасты. Ұлттық лигаға кейіннен қосылған «Шығыс Свинецстрой» командасы 42 ұпаймен байырғы клубтардың бірі Оралдың «Конденсатына» (40 ұпай) жеткізбей келеді. «Есіл» (Петропавл) - алтыншы, «ЦСКА Алматы» - жетінші, «Атырау-2» сегізінші орында.
Бес турдың қорытындысы бойынша үздік шыққан төрт команда плей-офф бәсекелерінде жүлделі орындарды сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).