ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында жүлделі орындар үшін бәсеке қыза түсті.
Солтүстік Қазақстан облысының «Қуаныш» командасы (бас бапкері Азамат Есімов) өткен жылы финалда Өскеменнің «Алтайына» жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтқан еді.
Биыл «Алтай» ширек финалда «Қуанышқа» есе жібергендіктен, биыл жаңа чемпионның болатыны анық.
Чемпионаттағы жеңіс сериясын плей-офф кезеңінде де жалғастырған «Қуаныш» жартылай финалда алаң иелері - Түркістанның «Тұранына» қарсы келді.
Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар біріншілік барысында екі рет тай-брейкте «Қуаныштан» ұтылған еді.
Жартылай финалдық матч та аса тартысты өтіп, бес партияға созылды.
«Қуаныш» 3:2 (25:14, 17:25, 22:25, 25:22, 15:13) есебімен басым түсіп, чемпиондықтан үміткер екендігін дәлелдей түсті.
15 наурызда қос клуб екінші кездесуін өткізеді. Енді «Қуанышқа» бір жеңіс жеткілікті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Берелдің» жартылай финалда «Жетісу» командасын ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).