АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда ерлер арасында волейболдан мәреге жеткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Myscore.ru сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандықтар финалда Жапония құрамасымен күш сынасты. Бірінші партияны жапондықтар 25:13 есебімен оңай ұтқанымен, қалғандары тартысты өтті. Екінші партияда Жапония ойыншылары 25:20 есебімен басым түссе, үшіншісін қазақстандықтар 27:25 есебімен өз пайдасына жазды. Әйтсе де жапондықтар одан әріге мүмкіндік бермей, төртінші партияны (25:23) жеңіспен аяқтады. Сөйтіп олар 3:1 есебімен Игорь Никольченко жаттықтыратын қазақстандықтарды ұтып, Азия чемпионы атанды.
Индонезия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірген Оңтүстік Корея волейболшылары қола жүлдеге ие болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді. Осылайша, қазақстандықтар бұдан 24 жыл бұрынғы жетістігін қайталады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).