ОРАЛ. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Волейболдан ерлердің жоғары лига командалары арасында өтіп жатқан ел чемпионатының екінші турында Оралдың «Жайық-Конденсат» командасы сәтті өнер көрсетуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батысқазақстандықтар үш кездесу өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Сондай-ақ Шымкенттің «ОҚМУ-Қазығұрты» да ширақ ойнауда. Олар Петропавлдың «Есіл-Виктория», Алматының «КазНАУ» клубтарымен қатар бірінші турдан кейін топ бастаған Астананың «Ұшқын-Искра» командасын да ұтып кетті. Бүгін оралдықтар мен астаналықтар кездеседі.
Бірінші турдан кейін Павлодардың «Ертісі» - екінші, «қазығұрттықтар» үшінші, «Жайық-Конденсат» төртінші орыннан көрінген болатын. Енді олардың турнир кестесіндегі жағдайын жақсартуға мүмкіндіктері бар.
Биыл жоғары лига командалары барлығы бес тур өткізеді. Үздік шыққан команда ұлттық лигаға жолдама алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).