Волонтер болу оқуға түсуге немесе жұмысқа орналасуға көмектесе ме – депутат жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жоғары оқу орынына түсу және мемлекеттік қызметке орналасу кезінде еріктілік (волонтерлік) қызмет есеп алынуы керек. Мұны Мәжіліс депутаты Вера Ким BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Депутаттың сөзінше, еріктілік қызметті еңбек өтілі ретінде есепке алу мәселесі жан-жақты пысықтауы шарт.

– Еріктілік қызметтің нақты жұмыс кестесі болмайды: ерікті жылына бірнеше сағат немесе тұрақты жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан оны еңбек өтілімен тікелей теңестіру мүмкін емес. Еріктілердің қоғамға қосқан үлесін бағалау үшін арнайы көрсеткіш қажет. Егер бұл фактор ЖОО-ға оқуға түсу кезенде немесе жұмысқа орналасу кезінде ықпал ететін болса, онда мұндай өзгеріс шешуші рөл атқаратыны сөзсіз, – деді Вера Ким.

Сондай-ақ Вера Ким мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде волонтерлік тәжірибені ескеру керегін ашып айтты.

– Әрине, бірінші кезекте азаматтық және мемлекеттік қызмет салаларына басымдық беріледі. Бұл саладағылар – ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтар. Еріктілер де мемлекетінің игілігі жолында қызмет атқарады. Сондықтан, менің ойымша, еріктілік ісі мемлекеттік қызметке орналасу кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс», – деді депутат.

Айта кетейік, кейінгі жылдары волонтерлік саланы цифрландыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Биыл қаңтарда өткен Еріктілер форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктінің цифрлық төлқұжатын енгізу бастамасын қолдады.

– Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін қазақстандықтардың үштен екісі қайырымдылық шараларына атсалысатынын жаздық.