Ақтөбеде құрылған «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының құрамында 100-ден астам жас бар. Студент, жұмысшы жастардан құрылған топ 4 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Олар су тасқыны кезінде көмек көрсетіп, қиын-қыстау уақытта қажет жерден табылып жүр. Дертке шалдыққандарға қаржы жинап, қайырымдылық концерттерін де өткізеді.
«Біздің қатарымызда қалталы кәсіпкер, жалақысы қомақты жастар емес, студенттер, жас мамандар жүр. Бәрі де қайтарымсыз жұмыс істеп, жаны қиналған адамның жанынан табылуға әзір. Алғашында 17 ерікті болса, қазір қатарымыз 100-ден асты. Бір болып атқарған істеріміз аз емес. Осы күнге дейін 160-тан астам қайырымдылық жәрмеңкесін, айтыс, концерт, турнир, қайырымдылық кештері ұйымдастырылып, нәтижесінде мұқтаж және сырқат жандардың еміне 8 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ерікті жастардың түйірлеп сатқан тәттісі мен суық күнде жасаған саудасы сал ауруына шалдыққан, мүмкіндігі шектеулі іні-қарындастарымызға, жасы үлкен аға-әпкелерімізге жұмсалды. Қоғамды мейірімділікке баулу мақсатында түрлі шаралар атқарып, Қарағанды, Ақтөбе қаласында болған су тасқынында зардап шеккен жаняұларға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және басқа да тұрмысқа қажетті заттармен көмек берілді», - деді топ жетекшісі Әлішер Садық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын жариялап, волонтерлік қызметте жүрген жастардың шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды. Ал ақтөбеліктер осы тапсырманы орындау үшін арнайы төлқұжат қажет деп есептейді.
«Бұл жаңалықтан кейін ерікті жастардың саны күрт артуы мүмкін. Мені толғандыратыны - біз сияқты үкіметтік емес ұйымдардың қатарында, тіпті еш тіркеуде, партияда болмаса да қайырымды іс атқарып жүрген жастардың статусы қалай анықталады? Егер білгілі бір партияның жанында жүрген жастарға ғана стипендия берілсе, жастар тағы енжар күйге түседі. Сондықтан осы тұста көмек күтеміз. Әрі волонтерлардың жеке төлқұжатын дайындауды ұсынамыз. Ол төлқұжатты белсенділерге беріп, өзге жастарды ынталандыра аламыз. Егер атқарған істерін тізіп, төлқұжаты толтырылса, жұмысқа орналасқанда да оң пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе Ресейде бар», - деді Әлішер Садық.
Еріктілер көмек беру, қайырымды іс жасауды мектептен бастауды ұсынды. Яғни, мектеп оқушысы сол аумақта тұратын қариялардың үйіне барып, көмек көрсете алады. Қарттар мен мүгедектер үйіне барып, концерт беруіне болады.
«Еріктілік жұмысты мектептен бастауды ұсынамыз. Бұған дейін қаладағы бірнеше мектептің оқушылары бізге келіп, кеңес сұрады. Қайырымдылық топ ашып, көмек көрсетуге ниет білдірді. Бірақ оларды ешкім қолдамай, жабылып қалды. Яғни, мектеп оқушысы сол аумақтағы көше тазалығын бақылап, жалғыз қалған қарттарға көмектессе дейміз. Алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайда шешім қабылдау, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау сынды істерді игерсе, ол адамдарға жақсылық жасауды меңгереді. Мектепке барып, жиын өткізіп, түсіндіру, ақыл айту бір реттік іс. Ал еріктілік жұмыс үздіксіз жүреді. Оқушы мүгедек жанға көмектессе, оның қоғамға деген көзқарасы өзгереді, бұзық балалар түзеледі. Мәселен, алдағы аптада «Мейірім» орталығының басшылары кездесуге шақырып жатыр. Олар қатарымызға сол орталықтың тәрбиеленушілерін қосқысы келеді екен. Бұл біз үшін де, балалар үйінің жастары үшін де жаңа жауапкершілік жүктейді», - деді ол.
Волонтер студенттер қоғамдық көліктегі 80 теңге де тым көп деп есептейді. Жастар үшін автобус билетінің арзандағаны да маңызды. Әрі жастарды ынталандыру үшін спорт, мәдениет, білім беру нысандарының тегін болуын қалайды.
«Қазір жастар арасында қылмыс артып барады. Ақтөбеде мектеп оқушылары пышақ ұстап, бір-бірін жазым етіп жүр. Ал ерікті жастар мұндай қылмысқа бармайды. Еріктілер жоқ-жітікті көрді, көшеде түнеп, қаңғып жүргендермен тілдесті, қарттар мен мүгедектердің интернат үйіне барды, сәбилер үйіне кірді. Яғни, кейбір оқушылар мен жастардың ойына, бәлкім түсіне кірмеген адамдарды біледі. Олар мүсіркемей, бәріне көмектесті. Менің ісім деп бәрін жұмылып атқарады. Осындай жастарға мотивация керек. Біз білім басқармасы, спорт басқармасын, мәдениет басқармасына тиесілі спорт, білім, мәдениет нысандарына кедергісіз кіргіміз келеді. Ия, біздерге көмек беріледі, қол ұшын созады. Бірақ есік тоздырып, сұрап, кейде өтінішімізді жалынып айтамыз. Егер спорт кешендері ерікті жастарға тегін болса, олар бассейнге түсіп, футбол ойнаса, ақылы спорт кешендеріне жеңілдік алса қатарымыз көбейеді. Кейбір жастар тек сол тегін қызмет үшін қатарымызға енсе де кейін қайырымды іс үшін жанын салатын болады», - деді Әлішер Садық.
Ақтөбелік жастар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісім жасалып, 350 мың теңгесі бар адамдарға конкурс жарияланды.
Бұл жеке компанияларда еңбек ететін жастар үшін қол жетпейтін жоба болды.
«Ақтөбеде 240 мыңнан астам жас бар. Оның 100 мыңнан астамы мектеп оқушысы. Өзгесі біз секілді жастар. Жастар үшін 350 мың теңге жинап, пәтер алуға мүмкіндік берілді. Бірақ бұл тағы да мемлекеттік қызметтегі, бюджеттік мекемедегі замандастарымызға ығайлы. Ал жеке компанияларда, өндірісті жұмыс істейтін жастар неге ұмыт қалды. Ұсынысым - компаниялар өздерінде еңбек ететін жастардың пәтер құнының ең болмағанда 20-30 пайызын төлеп берсе. Яғни, 20-30 мың теңге жастарға көмек, олардың баспана үшін ақша жинауына мүмкіндік болар еді. Сонымен қатар, студент болып, отбасы құрған жастарға жатақханадан отбасыларға арналған блок берілсе дейміз. Зерттеу бойынша, ажырасу, қылмыстың бәрі отбасының әлеуметтік жағдайына келіп тереледі», - ол.