Ядролық қауіпсіздік - әлемдік саясаттағы жетекші проблемалардың бірі, ал ядролық энергетика - болашақтағы инновациялық кластер

ТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден-ақ өзінің татулық пен келісім салтанат құратын бейбіт мемлекет құруды ниет етіп отырғандығын танытқан болатын. Оның дәлелі ретінде мемлекетіміз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартты. Сондай-ақ мемлекетіміз әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жапты. Бұл әлем үшін мәні мен мағынасы зор үлкен маңызды тарихи оқиға болатын.

Уақыт өткен сайын мемлекеттер, конфессиялар, түрлі халықтар мен ұлыстар арасында болған ұрыс-жанжал, соғыстардан әбден зәрезап болған адамзат баласы Қазақстанның, оның басшысының бұл ерлікке пара-пар істерін амалсыз мойындауға мәжбүр. Соңғы уақытта Елбасын әлемде бейбітшілікті нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін Нобель сыйлығына ұсыну жөніндегі пікірлер осы сөзіміздің жарқын айғағы.

Биыл Қазақстан мемлекетіміз үшін мәні зор 2 мерекені атап өтуде. Оның бірі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы болса, екіншісі Семей полигоны жабылуының 20 жылдығы. Тәуелсіздік - қазақ халқының, Қазақстанды мекендеген халықтардың мерекесі. Ал Семей полигонының жабылуы адамзат баласының мерекесі десе болады. Бұл мәселе елордада өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» форумында тағы бір мәрте сөз болды. Онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні ядролық қауіпсіздік мәселелері әлемдік саясаттағы ең жетекші орындардың бірін иеленіп отырғандығын, өткен жылы қол қойылған осы жүзжылдықтағы тұңғыш рет жасалған АҚШ пен Ресейдің стратегиялық ядролық арсеналын қысқарту туралы Прага келісімшарты күшіне енгендігін атап өтті. «Ал Астанадағы форум ядролық қауіпсіздік бойынша саясаткерлердің, қоғамның аталмыш проблемамен күреске күш-жігерін жұмылдырудың маңызды қадамы болып табылады. Жиынға қатысушылардың ауқымды құрамының өзі ядросыз әлем идеясының айқындығын білдіреді. Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі тұңғыш ел болып, өз жеріміздегі ядролық полигонды жаптық. 40 жыл бойғы сынақ барысында қазақ даласында 450-ден астам жарылыс өтті, оның 120-сы ашық атмосферада жарылды. Радиация 300 мыңнан астам шаршы шақырым аумақты шарпыды. Бұл бір үлкен Еуропа елінің, мәселен Германияның тұтастай аумағына тең. Ядролық сынақтан 1,5 млн-нан астам адам жапа шекті. Менің Семей полигонын жабу туралы Жарлығым біздің 20 жылдық тәуелсіздігіміздегі қайта оралмас нүкте болып табылады. Семей полигонын жабу арқылы біз әлемді ең жойқын ядролық қатерден құтқарып қана қойған жоқпыз, біз жаһандық қатерден жоғарыға көтерілдік. Өз еліміздің және бүкіл әлемнің ядролық қарусыз тарихы үшін қағидатты қадам жасадық», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД елдерінің арасында алғашқы болып Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылғанын атап өтті. «Мен бүгінгі күні бұл қадамның Қазақстанның нақты тәуелсіздігі үшін ауқымды болғанын асқан сенімділікпен айта аламын. Бас тартып, талап ету арқылы біз 1995 жылы алдыңғы қатарлы ядролық державалардан - АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан халықаралық қауіпсіздік кепіліне ие болдық», - деді Елбасы.

Президент сөзінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыста ядролық қарудың таралуына халықаралық бақылаудың тиімді жүйесінің жоқтығын, бірқатар елдердің ядролық сынақтарға тыйым салу шартына қол қою процесін ұзаққа созғандықтан шарт күшіне ене алмай жатқандығы сияқты бірқатар проблемаларға да тоқталды. Бүгінде ядролық қарусызданудың жаһандық процесіне ядролық клубтың кейбір алып елдері қатыспай отырғандығы мен әлем қоғамдастығының бейбіт атомды дамытып келе жатқан мемлекеттерге қатысты әділ ұстанымын таппай отырғандығын, сондай-ақ қазіргі замандағы бейбіт ядролық энергетика қауіпсіздігі режімін сақтаудан туындайтын қиындықтарды да осы бағыттағы проблемалардың қатарында атады. «Ядролық қарусыз әлем - утопия емес. Бұл жер шарының айтарлықтай аумағында нақты орын алып отырған құбылыс. Алайда әскери атомның зұлымдығы жаһандық ядролық энергетиканың перспективаларын бағалап, көруді тұншықтырып отыр. Фактінің аты - факті. Жер шарында көмірқышқыл қорлары таусылуда. Жаңғыртылатын энергия көздерінде перспектива бар, алайда ғаламдық экономиканың қарқынды өсіміне бұлар жауап бере алмайды. Сондықтан да, бүгінгі күні адамзат үшін атом энергиясындай қуатты әрі қолжетімді қор жоқ. Бүгінгі күні шамамен 40-қа жуық ел бейбіт атом саласында зерттеулер жүргізуде. 15 мемлекет атом-электр стансасын салып жатыр немесе жоспарлауда. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл ретте біз үшін ядролық энергетика болашақтағы инновациялық кластердің бірі болып қала береді. 1991 жылы 29 тамызда жаһандық ядролық тарихта жаңа дәуір басталды. Бүкіл әлем қырып-жою қаруын заңсыз деп таныған, ерікті түрде пайыммен бірауыздан қабылдаған заңды актіге ие болды. Қазақстан жасаған осы қадамның уақыт пен кеңістіктегі маңызы шексіз. Сондықтан БҰҰ-ның біздің бастамамызбен 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауы заңды құбылыс деп есептеймін. Мен осы жүзжылдықта планетамыз ядролық өзін-өзі жою зұлматынан біржолата құтылады деп сенемін», - деп аяқтады сөзін Елбасы.

Осы жиынның қорытындысы бойынша, форумға қатысушылар Астана декларациясын қабылдады.

***

Форум аяқталасымен Мемлекет басшысы еліміздің оңтүстік өңіріне аттанды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы сапарында Президент Шымкент қаласының Қажымұқан атындағы орталық стадион жанында орналасқан, қыркүйек айында ашылған заманауи жабық жеңіл атлетика кешенінде болды. Сонымен қатар Елбасы №2 олимпиадалық резервтер мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушыларымен кездесіп, қазақ спортшылары бокста ғана емес, спорттың жеңіл атлетикалық түрлерінде де жеңіске жетеді деген үмітін жеткізді. Сапар барысында Елбасы Шымкенттегі индустриялық аймақта болып, «Индустриялық аймақ құру» инвестициялық жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Мемлекет басшысы аймақтағы бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде болып, Шымкенттегі әскери қалашықты аралады. Одан кейін Президент Шымкенттің ескі аумағына орналасқан Тәуелсіздік саябағында болды. Онда Мемлекет басшысы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, оларды алда келе жатқан Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады. «Қазақстанның ең басты байлығы - біздің көпұлтты үйіміздегі бейбітшілік пен келісім. Біздің басты міндетіміз - халықтың бірлігін сақтау», - деді Елбасы.

***

Осы аптада Парламент депутаттары «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасымен танысты. Мемлекет алға қойған міндеттерді атқаруда маңызды болып табылатын аталмыш құжатқа байланысты еліміздің Экономикалық даму және сауда, Қаржы министрліктері мен Ұлттық банк өкілдері баяндама жасады. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің мәліметтеріне қарағанда, аталмыш заң жобасы еліміздің макроэкономикалық дамуының базалық сценарийі негізінде қалыптасқан. Нәтижесінде республикалық бюджеттің өлшемдері төмендегідей болып отыр. Түсімдер 2012 жылы - 4 триллион 751 миллиард, 2013 жылы 5 триллион 030 миллиард, 2014 жылы 5 триллион 424 миллиард теңгені құрады. Шығыстар 2012 жылы 5 триллион 509 миллиард, 2013 жылы 5 триллион 504 миллиард, 2014 жылы 5 триллион 884 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмекке бөлінген қаржы 4 трилллион 38 миллиард, білім беру саласына үш жылға 1 триллион 146 миллиард, Денсаулық сақтау саласына - үш жылға 1 триллион 309 миллиард, Мәдениет саласына - 61 миллиард, Туризм және спорт саласына - 91,3 миллиард, Байланыс саласына - 73 миллиард, Жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға - 51 миллиард, Тұрғын үй құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы саласына 392,2 миллиард, Ауыл шаруашылығына 956,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Сөйтіп, алдағы үш жылдық кезеңде арналған республикалық бюджеттің басты ерекшелігі - оның әлеуметтік салаға бардарланғандығында. Бұл, сайып келгенде, халқымыздың әл-ауқатын барған сайын арттыру мақсатын көздеген Елбасы Жолдауында белгіленген міндет-мұраттармен ұштасып отыр деген сөз.