Сол жылдан бастап қазақ жерін ғана емес, дүниені дүр сілкіндірген ядролық сынақтар тоқтатылды. Ендігіде қазақ даласы қорқынышты жерасты дүмпулерінен тітіркенбейтін болды. Осыншама зұлмат үшін басты кінәлі саналған кеңестің әскерилері де жөніне кетті. Полигон жабылды. Жабылғанымен де, қазақ ұлтына Абайдай, Шәкәрімдей ұлыларды сыйлаған дарқан дала бұрынғысынша қауіптілігінен әлі арылып біткен жоқ. Тек сол қауіптің әлпеті ғана өзгерген. Оның үстіне Семей полигоны әлемдегі ең ашық-шашық полигон есебінде қалып отырғаны да жасырын емес. 40 жыл бойы жарылыстан көз ашпаған қазақ даласының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан зардаптары жан түршігерлік. Егер ғалымдардың нақты деректеріне сүйенсек, Семей өңірінде полигон жұмыс істеген жылдары жасалған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты 1945 жылы американдықтардың Жапонияның Хиросима қаласына тастаған бомбасының қуатынан 2,5 мың есе күшті екен.
Енді осы қайран қазақ даласының сынақтан кейінгі зардаптарына тоқталсақ. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінің жалпы алғандағы 18 мың 500 шаршы шақырым жерін қамтып жатыр. Бұл полигон Шығыс Қазақстан облысының 54 пайызына, Павлодар облысының 39 пайызына Қарағанды облысының 7 пайызына өз залалдарын бүгінгі күнге дейін тигізіп келеді. Ал, Семей ядролық сынақ полигонының әкімшілік шекарасының ұзына бойы - 600 шақырымдай. Қарап отырсаңыз, мұның өзі шаруашылық мақсаттарға пайдалануға болатын, бүтіндей бір елді асырауға жарайтын орасан үлкен аумақ емес пе?
Алғашқы ядролық жарылыс 1949 жылғы тамыздың 29-ында жасалды. Ал, 1953 жылы тұңғыш рет термоядролық қондырғы сынақтан өтсе, 1955 жылы әлемдегі алғашқы сутегі бомбасы осы қазақ даласында жарылды. Полигонның жұмыс істеген 1949-1989 жылдары аралығында осы аймаққа жалпы саны 468 ядролық жарылыс өткізілген. Олардың 125-і атмосфералық (26-сы жерүсті, 91-і ауада, 8-і биіктіктегі) жарылыс болса, 343-і жерасты (215-і көлденең қазбалы, 128-і ұңғылы) сынақтар. Яғни, мәлімет бойынша айтсақ, кезіндегі қызыл империяның барлық ядролық сынақтарының үштен екі бөлігі қазақ даласында жасалды. Осындай сандық көрсеткіштердің өзі кез келгеннің жағасын ұстатары сөзсіз. Әлемдегі экологиялық қозғалыс басшылары, беделді сарапшылар Семей сынақ алаңынан кейінгі адам ағзасында орын алған ауытқуларға, жан түршігерлік құбылыстар мен өзгерістерге үлкен алаңдаушылық туғыза бастады.
Солай бола тұрса да, кезінде «бейбіт жарылыстар» деп айдар тағылған қазақ даласының қасіретті зардаптарына қарағанда әлем жапон трагедиясы туралы әлдеқайда көп хабардар болушы еді. Ауызға да соны бірінші алатын кездері жиі болатын.
Дегенмен, соңғы жылдары Қазақстан көшбасшысы Н. Назарбаевтың ұстаған сарабдал саясаты ядролық қарусыздандыру мәселесінде еліміздің халықаралық аренадағы мерейін барынша арттырып отыр. Әлем ел тәуелсіздігінен бергі Н. Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан қажырлы еңбегін мойындады. Ядролық қарусыздану мәселесінде алып державалар басшыларының өзі Елбасының есімін алға тартуды жиі қолданатын болды. Президент Н. Назарбаевтың ұтымды ұсыныстары да халықаралық қауымдастық тарапынан жан-жақты қолдауға әлі де ие болып келеді. Мәселен, қолда бар жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан Қазақ елі өзінің бастамасымен Орталық Азиядағы ядролық қарудан еркін аймақ туралы келісімді дүниеге келтірді. Бұған сәйкес, келісімге қатысушы мемлекеттер Орталық Азия өңірі бойынша ядролық қару мен оның компоненттерін немесе басқа да ядролық қондырғыларды шығарудан бас тарту туралы міндеттемелерді мойнына алады. Келісім бейбітшілік мақсаттағы ядролық зерттеудің ұлттық бағдарламаларын шектемейді. Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық келісімдерді қабылдады. Былтырғы жылы Мемлекет басшысының ұсынысымен тамыздың 29-ы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып қабылданды.
Бұдан бөлек, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның елімізге сапары барысында Семей полигонына ат басын тіреуі, оның бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесінде Н. Назарбаевтың әрекеттерін жоғары бағалауының өзі үлкен жетістікті білдіреді. БҰҰ Бас хатшысы барлық елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырып, бұл ретте Президент Н. Назарбаевқа жаһандық ядроға қарсы қозғалысты басқару туралы ұсыныс жасады. БҰҰ Бас хатшысы Президент Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласындағы жеке үлесін жоғары атап көрсетті.
Ал жақында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында Қазақстанның теңдессіз қадамдарына әлемнің тағы да назары аударылып, еліміздің кешегі, бүгінгі жұмысына һәм алдағы ұмтылысына жоғары баға берілді. Ядролық держава көшбасшыларының баршасы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамалары мен ұсыныстарына қолдау білдірді. Жаһан саммиті өркениетті, қарусыз даму тарихының жаңа парақтарына жол сілтегендей болды. Бұндай жаһандық жиыннан кейінгі кезекте ядролық қарусыздану үдерісіне жол бастаған Қазақстанға жаңа жауапкершіліктер де жүктелгендей әсер беріп отыр. Мәселен, ендігі күні ядролық қарусыздану немесе оны таратпау жайындағы алқалы әңгімелерде міндетті түрде Қазақстанның, оның көшбасшысы Н. Назарбаевтың есімі аталатынына еш күмән болмасы анық.
Осылайша, бұрынғы жылдары әлем елдері үшін ең қауіпті саналатын ядролық қатер аймағы, бүгінгі күні ядролық қарусызданудағы тың бастамалар тудыратын орталыққа, әлемдік көшбасшылық нүктесіне айналып отыр. Осылайша адамзат тарихында теңдессіз қадамдар жасалып, Қазақстанның бейбітшілік мекені ретінде танылуына қатысты бірқатар шаралар атқарылды. Ал әлемді құтқару бастамалары үшін әрине бұндай шараларды жалғастырған, оның қуатын арттырғанның одан сайын маңызы зор болмақ. Сондықтан да, Елбасы бастамаларының барынша жемісті болуы үшін ел болып жігерлене жұмылған орынды.