Янукович пен Тимошенко ақпанның 7-сінде сайлаудың екінші турында кездеседі

АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат - Сайлаудың бірінші турындағы хаттамалардың 75 пайызын санаудың қорытындысы бойынша Виктор Янукович көш бастап келеді,

деп хабарлайды «Маяк» радиостансасы.

Оның кандидатурасын сайлаушылардың 36 пайызы қолдап отыр. Януковичтен кейінгі орында Премьер-Министр Юлия Тимошенко келе жатыр - ол Өңірлер партиясының жетекшісінен 12 пайыз кейін келеді.

Осы екі кандидат ақпанның 7-сіне белгіленген дауыс берудің екінші турында күресті жалғастырады деп күтілуде. Украинаның Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, үшінші орында банкир Сергей Тигипко, одан кейін - Жоғарғы Раданың бұрынғы спикері Арсений Яценюк келеді. Елдің қазіргі президенті Виктор Ющенко сайлаушылардың 5 пайызға жуығының дауысын алып отыр. Сайлаудың нақты қорытындысы бүгін шығарылады.