Ыдыстың қосулы пеште ұмыт қалуынан 20-дан астам өрт шықты - ШҚО құтқарушылары
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір жұртшылығының тамақты пеште ұмыт қалдыруынан 20-дан астам рет өрт болған. Кейінгі аптада осындай 4 оқиға тіркеліп отыр.
«Ұмытшақтықтың салдары қауіпті жағдайларға әкеліп соғады. Кейбіреулер тамақ салынған қазан немесе табаны пешке қойып, оны пәтер ішін түтін басқан кезде ғана есіне түсіреді. Мұндай ұмытшақтық көбінесе үй шаруасындағы әйелдерде, қарт адамдарда, түнгі ауысымнан үйге келгендерде, мас күйдегілерде байқалады», - делінген ақпаратта.
Кейде өрт сөндірушілерді от тұтанған үйдің көршілері шақыртып жатады.
«Тамақ күйген кезде ерекше иіс пайда болады. Табадағы тамақ немесе май жануы мүмкін. Жоғары температурадан жанғыш материалдар отқа оранады. Мысалы, жақын жерде тұрған шкаф, перде, пластмассадан жасалған бұйымдар. Ал, пластмасса улы заттар бөледі», - дейді облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің бастығы Айдос Нүсіпбаев.
Айта кетейік, тамақты пеште ұмыт қалдыратындар ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша жауапқа тартылады.