Жерге себілген тұқымнан мол өнім алуға мүмкіндік беретін бұндай технология дамыған мемлекеттерде біраз жылдардан бері пайдаланылып келеді. Бұл, ең алдымен, агроөнеркәсіп секторындағы еңбек өнімділігінің артуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан да бұндай жаңашылдықты дер кезінде қолданысқа енгізіп, тиімді пайдалану заман талабынан туындап отырған қажеттілік.
Атап өтерлігі, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту негізгі басымдықтарының қатарына жатқызылған Қазақстанда соңғы жылдары технологияның осы түрін кеңінен пайдалануға ден қойылып келеді. Тиісінше, ылғал сақтайтын технология енгізілген егіс алқаптарының көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Үкіметтің селекторлық форматта өткен бүгінгі отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев биыл ылғал сақтайтын технология қолданылатын егіс алқабының жалпы көлемі - 11,9 млн. гектарға жететіндігін жеткізді. Бұл республикамыздағы жалпы егіс алқабының 68 пайызына тең және өткен жылғы деңгейден 650 мың гектарға немесе 6 пайызға артық.
Бір ғасырға жуық уақыт бұрын орыс ғалымы Иван Овсинский ойлап тапқан бұл технология топырақ құнарлығын арттырумен қатар астық өнімділігін 2,3 есеге ұлғайтып, ал диқанның өнім өндіруге жіберетін шығынын 3,5 есе төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Америка, Еуропа, Канада сынды елдердің егіс алқаптарында тиімді пайдаланып, жақсы нәтиже беріп отырған осы жүйе елімізде 1999 жылы Қостанай облысында қолға алына бастаған болатын. Нәтиже жаман емес. Бұл сөзімізге 2010 жылғы аптап ыстықтың салдарынан Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысындағы диханшылар құрғақшылыққа ұрынып, табан ақы, маңдай терімен еккен егіндерінен өнім ала алмаған кезде, осы технологияны енгізген қостанайлық диханшылардың орташа өнім алғандығы дәлел бола алады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы А.Күрішбаевтың келтірген деректерге сүйенетін болсақ, соңғы 5 жылда Ақтөбе облысының Қостанай облысымен шектес Әйтеке би ауданында бидайдан алынған орташа өнім гектарына 5 центнерді, ал Қостанай облысының Қамысты ауданында 8,5 центнерді құраған, ал құмдауыт жерде орналасқан Жангелді ауданында орташа көрсеткіш 6,5 центнерге жетіп жығылған. Демек, бұдан ылғал сақтайтын технология пайдаланылатын егіс алқаптарындағы өнім көлемінің әлдеқайда жоғары болатынын байқаймыз. «Қазіргі астық шаруашылығында ылғал сақтайтын технологиямен қолынан іс келетін, шамасы бар, ірі шаруашылықтар ғана істейді. Енді сараптама жасап көрейік, Қостанай облысында 2 мың гектардан кем алқаптары бар шаруашылықтар 29 пайызды құрайды. Ал бұл Батыс Қазақстанда 51, Ақтөбе облысында 41 пайыз. Яғни, астық шаруашылығымен ылғал сақтайтын технологиялар негізінде айналысуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, бұл екі облыс астық шаруашылығының болашағы жоқ. Астық шаруашылығына осындай технологияны енгізген кезде ғана мол өнім алуға болады. Ал бұрыңғыдай бұл іске жүрдім-бардым қарайтын болсақ, онда тек қана ауа-райының жағдайына иек артатын боламыз. Бұлай астық шаруашылығын дамыту мүмкін емес», - деген олатын алқа мәжілісінде министр.
Ылғал сақтайтын технология құрғақшылықтан сақтанудың ең негізгі тірегі екендігі ғылымда да, іс жүзінде де дәлелденген. Өйткені су -топырақтағы және оның бетіндегі барлық өмірлік үрдістердің дамуына қызмет етумен қатар, топырақтың қалыптасу қарқыны мен бағыттын айқындайды. Сондай-ақ су - топырақтың агрофизикалық әрі агрохимиялық қасиеттеріне де өз әсерін тигізеді. Ал судың жетіспеушілігі байқалған жағдайда құрғақ топырақтағы органикалық қалдықтардың ыдырауының биологиялық процесі тоқтап, соның салдарынан дәнді дақылдың дамуы күрт төмендейді. Көп жағдайда судағы топырақ құнарлылық тиімділігінің деңгейін де айқындай. Себебі ылғалды топырақ өсімдіктің өсуі мен дамуы үшін негізгі, кей жағдайда жалғыз ғана нәр беруші көз болып табылады. Бұл орайда топыраққа түскен дәннің жер бетіне шығып, жеміс бергенге дейінгі кезеңінде су өте қажет екендігі рас. Мәселен, тұқымның өнуі үшін ғана суды қажетсінуі өз салмағының 30-100 пайызын құрайды. Одан әрі өсімдіктің 1 грамм құрғақ өзегі қалыптасуы үшін 200-ден 1 литрге дейін су қажет. Ал 1 тонна астық алу үшін 2 мың тоннаға дейін су керек. Демек, топырақ ылғалдылығын сақтау әрі оны мейлінше тиімді пайдалану жер емшегін емген шаруалар үшін аса маңызды міндет болып отыр.
Осыдан 3 жыл бұрын Қостанайда республикалық семинар кеңес өткізген Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев 2011 жылы елімізде жиналатын астықтың жалпы түсімін жылына 26 млн. тоннаға жеткізу қажеттігін баса айта келе: «Ол үшін ылғал сақтайтын технология қолданылатын егіс алқаптарын 12 млн. гектарға дейін ұлғайту қажет», - деген болатын. Енді міне, ағымдағы жылы сол межеге де аяқ басып келеміз. Ендігі міндет - осындай технология қолданылатын жерлердегі астықтың бітік шығып, мол өнім алуда.
Айтпақшы, интернет бетіндегі деректерге қарағанда, ғылыми негізделген есептер мен алдыңғы қатарлы тәжірибелер егін шаруашылығындағы ылғал сақтайтын технология топырақ құнарлығын арттыратындығын, барлық шығындарды 3 есе төмендететіндігін, механизаторларға қажеттілікті қысқартатындығын, жанармайды 3 есеге дейін үнемдейтіндігін, техникаларды жөндеу шығындарын 2,3 есеге азайтатындығын, тұқым материалдарын 20 пайызға дейін үнемдейтіндігін дәлелдеген. Осындай көл-көсір пайдасы бар технологияны өзінің егіс алқаптарына енгізуге, ең алдымен шаруашылық тізгінін ұстаған басшылар мүдделі болуы тиіс. Бұдан жеке шаруашылыққа да, мемлекетке де мол пайда келеді.