«Біріншіден, олар депутаттардың үйреншікті әрекеттерін өзгертеді. Бұған дейінгі депутаттар «саппен жүріп-тұрды» деуге болатын шығар. Өйткені олар толықтай партия тәртібіне, фракция регламенттеріне бағынышты еді. Әр мәлімдемесін мақұлдатып отырды. Бұл енді факт. Бүкіл әлемде сондай тәртіп бар», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, тәуелсіз кандидаттар Мәжіліс пен мәслихаттағы талқылауларды өткір ете түсуі керек.
«Тәуелсіз кандидаттарды шектейтін ештеңе жоқ. Олардың дауыс берушілер алдында ғана міндеттемелері бар. Сондықтан олар «жанр көсемі» болады. Халық назары үшін барын салады. Күн тәртібіндегі мәселені пайдаланып, кез келген оқиғаға байланысты өзгелерден бұрын әрекет етуге талпынады. Мәлімдемелерін өзгелерден қаттырақ, айқынырақ білдіруге тырысады. Фракциядағы депутаттар да солардың қарқынына ілесіп, белсенділіктерін арттыруға мәжбүр болады», - деді Талғат Қалиев.
Сондай-ақ, ол дауыс берушілердің түске дейінгі келу көрсеткіші неге төмен болғаны туралы пайымын айтты.
«Біздегі дауыс беруге құлықты азаматтардың орташа жасы – 31 жастың айналасында. Жастар буыны әрдайым дауыс беруде белсенді емес. Қазіргі Z-буын қалай болатыны белгісіз. Олар электоралдық машықтарын көрсетіп үлгерген жоқ. Бір мандаттан түсетін кандидаттар, жаңа партиялар оларды белсенділендіре алды ма, өз орбиталарына тарта алды ма, жастармен дұрыс жұмыс ұйымдастыра алды ма — мәселе осыда. Жалпы бүкіл әлемде жастар дауыс беруге сылбыр қатысады», - деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры.