«Зағиптар қазақша ақпаратқа мұқтаж» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 шілде, сәрсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымында «Бес құрлықтың ортақ белесі» атты көлемді мақала берілген. Кеше Астанадағы «Рэдиссон» қонақүйінде өз жұмысын бастаған ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың бірінші өңіраралық кеңесі Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні өкілдерінің басын қосуымен әлемдегі ең айтулы әрі ауқымды форумдар санатына еніп отыр. Кеңес аясында сегіз қазақстандық нысанның (Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақтөбе-Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек) Қырғызстан және Қытай тараптарымен бірге дайындалған «Ұлы Жібек жолы: Жібек жолының бастапқы бөлігі, Тянь-Шань дәлізі бағыттарының жүйесі» жөніндегі сериялық трансшекаралық номинациясының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуіне, сонымен қатар, екі қазақстандық табиғи резерваттардың «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енгізілуіне байланысты арнайы сертификаттар табысталды.

Осы газетте «Ұлттық Банк жаңа тұжырымдама ұсынды» деген мақала жарияланды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық Банктің төрағасы Қайрат Келімбетов брифинг өткізді. Ол Үкімет үйінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы талқыланғаны жөнінде айтты. Ұлттық Банк төрағасы қазіргі таңда еліміздегі қаржы секторы жақсы дамып келе жатқандығы туралы мәліметтер келтіріп, саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру шеңберіндегі ұзақ мерзімді жоспарлаудағы элементтердің бірі болып табылатындығын жеткізді. Сөйтіп стратегияның қаржы секторының ұзақ мерзімді перспективада еркін дамуын айғақтайтын міндеттерінің бірі - инфляция деңгейін экономиканың өсуі үшін қолайлы деңгейде ұстап тұру екендігіне назар аудартты.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін қазақстандықтар Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбекке ашық хат жолдап, ғаламторда қазақ тіліндегі ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуді сұрады. «Сіздерден көзі көрмейтін және нашар көретін адамдар үшін электронды ресурстарда қазақ тіліндегі ақпаратқа қол жеткізу шараларын шұғыл арада қабылдап, оны қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз! Ол үшін Jaws, Voice over және басқа да бағдарламалар негізінде қазақ тілінде сөйлеу синтезаторы бағдарламасын жасап шығару қажет. Қазақ тіліндегі сөйлеу синтезаторы бағдарламаларын жүктеу мен пайдалану барлық зағиптар үшін ашық және тегін болуы тиіс», - дейді ашық хат иелері. Бұл мақала «Зағиптар қазақша ақпаратқа мұқтаж» деген тақырыппен басылды.

Осы газетте «Ядролық энергетика банкингі қашан құрылады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда халықаралық ядролық энергетика банкингін құру туралы ұсынысын халықаралық МАГАТЭ агенттігі де, азуы алты қарыс АҚШ басшылығы да толық қуаттап, қолдаған болатын. Таяуда дүниежүзілік энергетикалық ұйым осы банкингті құру туралы Қазақстан мен МАГАТЭ жұмысының тым сылбырлығын сынады.

«Біздіңше, бұл орынды сын. Шын мәнінде, біздікі не жайбасарлық? Біріншіден, халықаралық ядролық энергетика банкингі - көреген Көшбасшымыз ойлағанындай, өміршең және аса пайдалы жоба. Басқасын былай қойғанда, ядролық отын банкингі бар елдің бейбітшілігі мен тыныштығына бүкіл әлем жанашыр болады. Екіншіден, өндірген өніміміздің әлемдік рынокта өтімі толассыз және сенімді. Үшіншіден, біз халықаралық қауымдастықтар мен АҚШ, Қытай, Жапония, Франция, Канада және басқа ядролық отынымызды пайдаланатын елдердің қамқорлығында боламыз. Төртіншіден, дүниежүзінде қандай дағдарыс болса да, ядролық отын экспорты сенімді валюталық кіріс көзі. Мұндағы қосымша құн, тіпті автокөлік өндірісі саласындағы қосымша құннан да жоғары. Осыны біле тұрып, жайбасарлық жасауға бола ма? Әрине, жоқ»,-деп жазады басылым.

*** Солтүстік Қазақстан облысында Украинаның Луганск облысы Артемов қаласынан екі баласымен келген Светлана Резвинскаяны шекараны заңсыз қиып өткені үшін жауапкершілікке тартқан жоқ, деп жазады «Время» газеті «Дорога ведет в Киев» атты материалда.

Алдағы аптада ол Астанадағы Украина елшілігіне барып, тиісті құжаттарды алуға ниеттеніп отыр. Осыдан кейін ол Украинаға оралмақ.