Заман талабына сай жастарға кәсіптік білім беру ісіне БҚО-дағы №10 кәсіптік лицей де өз үлесін қосып келеді

АЛ. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Заман талабына сай жастарға кәсіптік білім беру ісіне БҚО-ның Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы №10 кәсіптік лицей де өз үлесін қосып келеді.

Кәсіптік лицей 1987 жылы бой көтерген ғимаратта орын тепкен, кейін жаңартылып, көркейтілген оқу ордасында кабинет, бөлімдер, залдар, цехтар мен зертханалар қазіргі заманғы жабдықтармен жасақталған.

Жуырда аталмыш лицейдің 50 жылдық мерейтойында аудан әкімі Абай Иманғалиевтің атап өткеніндей, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық жұмысшы мамандарды даярлауға қатысты қойған талап-міндеттері ел өміріндегі негізгі басым бағыт болып табылады. Ұл-қызды аға ұрпақтың еңбек және ерлік дәстүрінде тәрбиелей отырып, үйден, мектептің өзінен кәсіптік бағдарды құнттап, одан әрі оқуды өндіріспен ұштастыру кейінгі толқынның жарқын тағдыры деген сөз. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс та уақыт талабына сай болып, олар, мысалы, лицейді бітірушілердің емтиханына қатыстырылса, құба-құп. Бүгінде біраз жерде механизаторлар, құрылысшылар жетіспейтіні алаңдатады. Қазір білімге серпін беретін уақыт. №.10 кәсіптік лицейден де халықтың күтетіні осы.

Өткен 50 жылда ұясынан 10000-ға жуық түлек ұшырған оқу орны бүгінде ауыл шаруашылығы өндірісінің шебері (фермер), газбен және электрмен дәнекерлеуші, электронды есептегіш машиналарының операторы, кең профильді құрылыс шебері, мекенжай иесі секілді сан алуан мамандықтарға жастарды баулып келеді.

Облыста техникалық және кәсіби білім беретін 39 ұйым болса, соның 20-сы - мемлекеттік кәсіптік лицейлер (6,3 мың оқушы) және 19-ы - колледждер (19,9 мың шәкірт).