Заң талаптарының қатаңдатылуы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтеді - Ә.Серғалин

Л. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық басқармасының бастығы - облыстық тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин осы өзгерістер мен толықтыруларға байланысты өз ой-толғамын былайша білдірді.

-Елімізде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге заман талабына байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу - шын мәнісінде заңды құбылыс, - деді Әкімгерей Бексұлтанұлы. - Елбасы 2009 жылғы 22 сәуірде қол қойған Жарлығында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар алу керектігіне аса мән берген болатын. Аталған өзгерістер сол Жарлықты орындау аясында енгізілді.

Былайша айтқанда, заң талаптары күшейтілді, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін берілетін тәртіптік жазалар қатайтылды. Таратып айтсақ, біріншіден, Заңның 8-бабының редакциясы өзгертілді. Енді жұмысқа қабылданар кезде шектеулер тек қана мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесі кемінде 35 пайызын құрайтын ұйымдарда және осындай мемлекеттің үлесі бар ұлттық холдингтерге, даму институттарына, компанияларға берілген ұйымдарда, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарында басқару функцияларын орындауға үміткер адамдарға да қатысты қойылады. Бұл тұлғаларға педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салынады және жақын туыстары мен жолдасына тікелей бағынысты лауазымдарды атқаруына болмайды.

Келесі өзгеріс Жарлықтың 3-тармағына байланысты. Үкімет мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау тәуекелі жоғары лауазымдар тізімін жасақтайды және осы лауазымдарға қызметке кіру және өткеру үшін айрықша, жоғарғы талаптарды бекітеді. Бұл лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауы үшін арнайы өздеріне байланысты тексерулерді көздейтін тетіктерді қолдану мүмкіндігі туралы міндеттеме алады.

Соңғы өзгеріс сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктің күшейтілгендігі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазаның үш түрі белгіленді. Олар: қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту; лауазымын төмендету; атқаратын қызметінен босату.

Ал Заңның 12-бабы 1-тармағы 14 тармақшасының жетеуі (Заңда көзделмеген артықшылықтар беру, заңсыз артықшылық көрсету, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда жәрдем көрсету т.б.) бұзылса, онда ол адам қызметімен қош айтысады.

-Ал енді «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға қандай өзгерістер енгізілді, соған тоқтала кетсеңіз?

-Бұл Заңның 18-2-бабында «мүдделер қақтығысы» ұғымы заңнамалық денгейде айқындалып енгізілді. Себебі мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметінде өзінің жеке мүдделері, қоғам мен мемлекет мүдделері арасында қайшылықтар туындауы мүмкін. Бұл ретте мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу заңды түрде реттелді. Яғни мемлекеттік қызметші және оның басшысы мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша Заңда көрсетілген шаралар қабылдау тиіс.

Егер шаралар қабылданбаса, ол мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Келесі өзгерістер мемлекеттік қызметшілерді ауыстырудағы шектеулерге байланысты. Мемлекеттік қызметшіге жемқорлық құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған жағдайда, ауыстыру тәртібімен мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасуына жол берілмейді.

Әкімшілік лауазымға конкурстан тыс орналасу үшін бұрынғы саяси мемлекеттік қызметкерлер, Парламент және тұрақты қызметтегі мәслихат депутаттары, судьялар өз өкілеттігін кемінде алты ай орындау керек.

Тағы бір өзгеріс, зейнеткерлік жасқа толған тұлғалардың мемлекеттік қызметте болу мерзімі жыл сайын тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуына байланысты болмақ.

Қорыта айтқанда, Заң талаптары күшейтіліп отыр. Тағы да қайталап айтамын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Заңнаманың 12-бабы 1-тармағы 14 тармақшасының жетеуін бұзғаны үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылады: ол - атқарып отырған қызметінен босату. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Занның осы тармақшаларын өңірде 250-ге тарта мемлекеттік қызметші және Заңмен теңестірілген лауазымды тұлғалар бұзған. Егер биыл олар осындай заң бұзушылыққа жол беретін болса, ондай қызметкерлер жұмысынан босайды деген сөз. Бұл өзгерістер, ең бастысы, біріншіден, мемлекеттік қызметшіні жауапкершілікке, ұқыптылыққа, екіншіден, күнделікті қызметінде құқықтық-нормативтік актілермен мұқият жұмыс жасауға шақырады.