Заң жобаларын Мәжіліске әркелкі енгізу жұмысымызды бірқалыпты ұйымдастыруымызға мүмкіндік бермейді - Ж.Кәрібжанов

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат. 13 маусым күні Үкіметте өткен отырыста «Заң шығарушылық қызметті жетілдіру жөніндегі Парламент пен Үкіметтің өз­ара ынтымақтастығы және депутаттар көтер­ген мәселе­лер­ге байланысты мемлекеттік органдар тарапынан қабыл­данатын іс-шаралар ту­ра­лы» мәселе күн тәртібіне шығарылды.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төраға­лы­ғымен өткен осы басқосуда ҚР Пар­ламенті Мәжілісі Төраға­сы­ның орынбасары Жә­ні­бек Кәрібжановзаң жобалау жұмыстарын жетілдіру мәселелері бойынша сөз сөйледі.

Төменде баспасөз қызметі таратқан Мәжіліс Төрағасыныңорынбасары Ж.С.Кәрібжановтың сөзін ұсынып отырмыз:

«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Құрметті әріптестер!

Бүгінгі талқыланып отырған мәселенің Мәжіліс пен Сенат депутаттарының тікелей қатысуымен Үкімет қабырғасында қаралып отырғаны биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары арасындағы іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейге көтерілгендігін білдіреді. Мұның барлығы Елбасының алдымызға қойған міндеттерді алдағы уақытта тиімді шешуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Сонымен қатар ұзақ уақыттан бері толық шешімін таппай келе жатқан және депуттаттардың конституциялық өкілеттіктерін іске асыруына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктерді айтпай кетуге болмайды.

1. Заң жобалау жұмыстарын жоспарлаудан бастағанды жөн көріп отырмын.

Егер Үкіметтің биылғы жылға арналған жоспарына қарап отырсаңыз, ондағы заң жобаларын Парламентке енгізу мерзімдеріне ерекше назар аударуға тура келеді. Өйткені Парламентке енгізу үшін жоспарланған 35 жобаның 7-і алғашқы жарты жылдықта, ал қалған 28-і соңғы айлардың ішінде келіп түседі. Заң жобаларын Мәжіліске әркелкі енгізу жұмысымызды бірқалыпты ұйымдастыруымызға мүмкіндік бермейді, ал ол өз кезегінде қабылданатын заңдардың сапасына кері әсер етеді.

2. Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіліп отырған заң жобаларының сапасы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Ең алдымен әңгіме Үкіметтің заң жобалары бойынша ұсынылатын материалдарды тиісті дәрежеде ресімдемеуінде болып тұр. Осы себеп бойынша өткен сессияда Үкіметтен келіп түскен 144 заң жобасының 71-і немесе әрбір екінші заң жобасы Парламентте тіркелмей қайтарылды.

3. Осы заң жобаларының ішінен қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес келмеуіне байланысты 28 заң жобасы кері қайтарылды, ол дегеніңіз бүкіл заң жобасының 39 пайызын құрайды.

Заң жобаларында техникалық сипаттағы қателермен қатар мемлекеттік және орыс тіліндегі заң жобаларын әр түрлі түсінуге әкеп соғатын, нормалардың мазмұнын бұрмалайтын қателер де кездеседі. Мысалды көптеп келтіруге болады, бірақ оның қажеті шамалы.

4. Ұсынылып отырған бірқатар заң жобаларының заңнама талаптарына сәйкес келмеуі салдарынан, оларды Парламентте қарау барысында заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіруге, редакциясын нақтылауға, қолданыстағы құқыққа үйлестіруге бағытталған көптеген түзетулер енгізіледі.

Әсіресе, заң жобасының тұжырымдамалық негізіне күдік тудыратын мәселелер ерекше алаңдатады. Соның нәтижесінде кейбір заң жобаларының тұжырымдамасы және құқықтық мазмұны Парламентте толығымен өзгеріске ұшырайды.

Мысалы, Мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға 636 түзету, оған ілеспе заңға - 134 өзгеріс мен толықтыру енгізді.

5. Біз өзіміздің депутаттық қызметімізде ұсынылып отырған заң жобаларының нормалары бойынша ведомствоаралық келіспеушіліктердің куәсі болып жүрміз. Заң жобаларын Мәжіліске өткізу сатысына дейін мемлекеттік органдар арасында тиісті келісімнің болмауы Палатаның жұмыс органдарының отырыстарында олардың өкілдерінің бір-біріне қайшы келетін позиция ұстануына әкеп соғып отыр.

6. Онысымен қоймай жобаны әзірлеушілер жекелеген депутаттардың көзқарастарына әсер ете отырып заң жобаларына қосымша түзетулер енгізуге бастамашы болып жүр. Мұндай өзгерістер Үкіметтің жекелеген өкілдерінің бастамасымен емес, оның ресми шешімімен енгізілген дұрыс деп есептеймін.

7. Негізгі заң жобасына тіптен қатысы жоқ өзгерістер мен толықтыруларды ілеспе заң жобасына енгізу үрдісі белең алып бара жатқанын атап өтпесе болмас.

8. Бірлесіп атқарып отырған заң жобалау жұмыстарының тағы бір кемшілігі - жобаны әзірлеушілер заң жобасын Сенатта қарау барысында оған Мәжілісте талқыланбаған жаңа нормалар енгізуге құмар.

Мысалы, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тексерiлетiн субъектiлерге қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау құзыреттерiн қайта қарау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасына жобаны әзірлеушілер Сенат депутаттары арқылы Мәжілісте қаралмаған 29 түзету енгізген.

9. Кейбір жағдайларда енгізілген және талқыланған заң жобаларын Үкімет кері қайтарып алып жатады.

Тек өткен сессияда Үкімет осындай 7 заң жобасын қайтарып алды. Мысалы, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Заң жобасы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңның қабылдануына байланысты қайтарып алынды.

10. Біздің Үкіметпен бірлесіп атқарып отырған жұмысымыздағы басқа да проблемалардың ішінде қолданыстағы нормативтік базаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың санының тым көптігіболып отыр.

Сонымен бірге қолданыстағы заңдарға жиі түзетулер енгізу тәжірибесінің орнына заң жобалау жұмыстары жоспарын әзірлеу және келісу кезеңінде-ақ барлық мүдделі тараптардың барынша мұқият, нақтыланған жұмысын жолға қоюға болады деп есептеймін.

11. Қазіргі заң шығарушылық тәжірибеде тиісті ғылыми негіздеу, теориялық, әдістемелік қамтамасыз ету, халықаралық тәжірибені қорыту болмай отыр. Депутаттар кейбір ғылыми сараптама нәтижелерінің ғылыми деңгейге сай еместігін, қабылданған құқықтық актілер қолданысының экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарын анықтау жөнінде ғылыми талдаулардың төмен деңгейде екендігін атап жүр..

Жекелеген жағдайларда, заң жобасымен тұжырымдамалық және құрылымды түрде жұмыс істей отырып, әзірлеуші оған жобаның бұдан бұрынғы нұсқасына әзірленген ғылыми сараптама қорытындысын қоса береді.

Кейде, әзірлеуші ғылыми сараптама қорытындысында баяндалған ұсыныстарды қайтарудың негіздерін жеткіліксіз дәлелдеген өзге де жағдай да туындайды.

12. Парламенттің мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе шығыстарды арттыру көзделген заң жобалары бойынша Үкіметтің қорытындыларын уақытылы алмауы.

Мысалы, Жер кодексіне, арнайы экономикалық аймақтарға, сауда қызметіне байланысты заң жобалары бойынша Палатаның бас комитеттері Үкіметтің жауабын айлар бойы күтіп отырған.

13. Депутаттардың сауалдарында көтерілген өзекті проблемаларға тиімді түрде үн қату - Үкіметтен тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін мәселенің тағы бір қыры болып отыр. Осы орайда, біздің сауалдарымызға жауаптар қайтарудың мерзімдеріне назар аударғым келеді. Осы сессия ішінде 36 депутаттық сауалға уақытылы жауап алынбаған. Сыпыра жауаптар, бір сөзбен айтқанда, тіпті, сауалдың тақырыбынан алшақ ысырып салма жауаптар да аз емес.

14. Ақырғы кезде Мәжіліспен келіспестен, депутаттарды әртүрлі іс-шараларға, шетелдік сапарларға атап шақыру, сондай-ақ оларды жұмыс және өзге де алқалы құрылымдар құрамдарына енгізу орын алып кетті.

Құрметті әріптестер!

Бүгінгі талқылаудың нәтижесі келешекте де бірлесіп сапалы жұмыс істеуге өз ықпалын тигізетініне кәміл сенемін».