14:17, 23 Мамыр 2009
Заң жобасы жеке сот орындаушыларының институтын енгізуді көздейді
АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Елімізде жеке сот орындаушылары институтын құру мақсаты көзделіп отыр. Осы орайда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» үкіметтік заң жобаны қарап шығып, бірінші оқылымға дайындап отырған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті өз қорытындысын берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Комитет берген түсіндірмеде орындаушылық жүйесін түбегейлі реформалау мақсатында Қазақстанда орындаудың мемлекеттік жүйесімен қатар жеке сот орындаушыларының институтын енгізу ұсынылып отырғаны жазылған. Бұл өндіріп алушыларға мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысына жүгінуді таңдау құқығын береді.Жеке сот орындаушыларының институтын енгізу қосымша бюджет қаражаттарын жұмсамай-ақ, орындаудың мемлекеттік жүйесінің жүгін жеңілдетуге мүмкіндік береді.